Bereke bank «МИР» төлем жүйесінің карталарымен операциялар тоқтатылатынын хабарлады

Жарияланды (жаңартылды )
Bereke bank «МИР» төлем жүйесінің карталарынан төлем қабылдауды тоқтатады / kursiv.media

Bereke Bankтің POS терминалдарында енді ресейлік «МИР» төлем жүйесіне тиесілі карталарға қызмет көрсетілмейді. Аталған банк өзінің ресми сайтында «МИР» карталарының ұлттық жүйесімен өзара іс-әрекет тоқтатылатынын ескертетін хабарландыру жариялады.

«2024 жылғы 17 наурыздан бастап Bereke Bank POS терминалдарында «МИР» карталары арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылданбайды», – делінген хабарламада.

Банктің ақпаратына сәйкес, қаржы ұйымының POS терминалдарында VISA, MASTERCARD, UnionPay карталары арқылы жасалатын операциялар толық жүзеге асырыла береді.

Бұған дейін аталған банкті Қатар банкі сатып алуы мүмкін екенін жазған едік.

Жыл соңына дейін жаңа бір банк Қазақстан нарығына келуі мүмкін. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мадина Әбілқасымова айтты.

«Қазіргі уақытта осы бағытта өте белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің нарыққа келетін алғашқы шетелдік банктердің бірі – Қатар банкі. Білуімше оларға Bereke Bank-ті сату бойынша келіссөздер аяқталуға жақын. Сонымен қатар бірнеше инвесторлар да бұл мәселеге қызығушылық танытып отыр. Осы орайда жыл соңына қарай елімізге тағы бір жаңа банк кіріп қалуы мүмкін. Инвестордан нақты жауап алынбайынша, әзірге елімізге қандай банк келетінін ашып айта алмаймын «,– деді Әблқасымова.

Еске салайық, бұрынғы «Сбербанк Қазақстан» банкін «Бәйтерек» ҰБХ 2022 жылдың қыркүйегінде сатып алған еді.

Содан бері «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі  – банктің негізгі акционері. 2022 жылы қыркүйекте банк ребрендинг жүргізіп, Bereke Bank атауын иеленді.

2023 жылдың 9 наурызында Bereke Bank ресми түрде АҚШ санкцияларынан шығарылғанын хабарлады. 2023 жылдың 8 наурызында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) қаржы институтын Specially Designated Nationals (SDN) санкциялық тізімінен және секторлық санкциялар тізімінен (SSI) шығарды.

Өткен жылдың басында Банк пруденциалдық нормативтерге сәйкес капиталдың жеткіліктілік коэффициентін теңестіре алды. Әрі барлық негізгі көрсеткіштерін жақсартқан. Қаржы ұйымының басшысы Андрей Тимченконың айтуынша, санкциялардың алып тасталуына байланысты банкті сапалы дамыту және нығайту бойынша алға үлкен жоспарлар қойылды.

Санкцияларды алып тастауға акционердің және банк атауының өзгеруі ықпал еткен.

Сондай-ақ оқыңыз