Қазақстандағы риэлторларға проблемасы бар баспананы жарнамалағаны үшін айыппұл салынады

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстандағы риэлторларға проблемасы бар баспананы жарнамалағаны үшін айыппұл салынады / Фото: коллаж kursiv.media

Қазақстан үкіметі риэлторлардың проблемасы бар және заңсыз жылжымайтын мүлікті жөнсіз жарнамалағаны үшін айыппұл салғысы келеді. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың парламент сауалына берген жауабында айтылған. Бұл норманы қазір Мәжілісте талқыланып жатқан үлестік құрылыс туралы заң жобасына енгізу жоспарланып отыр.

Құжат салынып жатқан үйлерден үй-жай сатып алу туралы алдын ала келісімдер жасасуға тыйым салатын және үлескерлердің ақшасын тарту үшін рұқсатсыз нысандарды жарнамалауды шектейтін түзетулерді қарастырады.

«Сонымен қатар заңсыз жарнамаға қатысы бар риэлторлар мен басқа да тұлғаларды жауапкершілікке тарту мүмкіндігіне қатысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске өзгерту енгізу жоспарланып отыр. Бұл түзетулерді қазір сарапшылар қауымдастығы және мемлекеттік органдар талқылап жатыр. Содан кейін олар Мәжілістегі жұмыс тобы аясында үлестік құрылыс туралы заң жобасына енеді»,– делінген жауапта.

Бұған дейін Алматыдағы тау бөктерлеріне 54 құрылыс заңсыз салынғаны анықталғанын жазған едік. Оның жартысынан астамы сүріледі.

2023 жылы Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы таулы жерлерде 54 заңсыз салынған құрылысты анықтаған. Осы анықталған 54 құрылыстың 44-сі бойынша басқарма сотқа жүгінген. Сот талап-арыздарды қарап, 44 құрылыстың 31-іне қатысты оң шешім шығарған. Яғни бұл құрылыстар сүріледі.

Сот шешімі бойынша сүрілуге жіберілген 31 құрылыстың 25-іне қатысты талап заңды күшіне еніп сүрілген. Ал қалған алтауына қатысты аппеляциялық арыз түсуіне байланысты сотта қайта қаралып жатыр

2023 жылғы желтоқсанда Алматы әкімдігі мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен жұмысы аясында таулы жерлерде заң талаптары мен құрылыс нормаларына мүлдем сай келмейтін салынып жатқан 52 нысанды анықтағанын жазғанбыз.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, қаладағы 19 нысан бойынша толық немесе ішінара бұзу, учаскені бастапқы күйіне келтіру және нұсқаманы мәжбүрлеп орындау туралы сот шешімдері заңды күшіне енген.

Сондай-ақ оқыңыз