Qazaq Вanki бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим қайтыс болды
15 наурыз күні ақпарат құралдары Qazaq Вankі-нің бұрынғы акционері бизнесмен Бақыт Ибрагим қайтыс болғанын хабарлады. Полиция департаменті бұл ақпаратты растады.
«Бұл іс бойынша өзін-өзі өлтіруге жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Экспертиза тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың маусым айына дейін Бақыт Ибрагим Qazaq Banki директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2018 жылғы мәліметке сәйкес, оған аталған банк акцияларының 10,5%-ы тиесілі болған.
Ал 2018 жылы ол Германиядан экстрадицияланған еді. 2020 жылы ол Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқыру ісі бойынша Жомарт Ертаевпен бірге айыпты деп танылды. Соның негізінде 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Алайда аппеляциялық сот оның жазасын 7 жылға төмендеткен еді.
Айта кетейік, Bank RBK-дан ақша жымқыру ісі бойынша бас айыпталушы Жомарт Ертаев Ресейде құрықталды. 2019 жылғы 15-наурызда Қазақстанға экстрадицияланған еді. Ол 2011-2017 жылдарда басқа тұлғалармен алдын ала келісе отырып, қызметтік лауазымын пайдаланып, аталған банктен қомақты ақша жымқыруды ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Ертаевпен бірге ақша жымқыру ісі бойынша 54 адам күдікке ілінген. Олардың арасында 40-тан астамы банктің топ-менеджері мен қатардағы қызметкері бар. Іс аяқталғанда 36 адамға жаза тағайындалған болатын.
2024 жылы ақпан айының басында Бақыт Ибрагимнің бостандыққа шыққаны хабарланған. Оның уақытша тергеу изоляторында отырған 1 күні 1,5 күн болып есептеліп мерзімі қысқарған еді.
2023 жылы мамыр айында Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Бақыт Ибрагимнен тәркіленген Richard Mille сағаты сатылымға шығарды. Бұл туралы ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінде пайда болды.
Бұл сағаттың құнын анықтау үшін мемлекет 1,7 миллион теңге төлеген. Мүлікті бағалау есебінде мұндай сағаттардың небәрі 50-і бар екенін анықтаған. Солайша сағаттың құны 394 миллион теңгеге бағаланды.
Айта кетейік, бұқаралық ақпарат құралдары оны Алматының экс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы екенін жазған еді.