Наурыз мейрамының мерекелік аптасында алматылықтар қандай іс-шараларды тамашалай алады
Қазақстанда «Наурызнама» онкүндігі өтіп жатыр. Оның аясында Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытатын түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шаралар өтеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, «Наурызнама» онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған.
14-23 наурыз аралығын қамтитын «Наурызнама» онкүндігінің әр күніне атау беріліп, соған сәйкес түрлі шаралар өтеді.
Алматылықтар, 17 наурыз – «Шаңырақ күні». Дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығында «Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз!» концертін тамашалай алады. Сондай-ақ, бұл күні Мемлекеттік қуыршақ театрында «Ер Төстік» қойылымы өтеді. Бұған қоса, «Бақытты Отбасы», «Шыңға өрлеу» орталықтарында 50 және 25 жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыптылар арасында «Алтын шаңырақ» «Күміс кереге» байқауы өтеді.
18 наурыз – «Ұлттық киім күні». Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Жас дизайнерлер арасында «ұлттық киім күні» мерекесіне орайластырылған «Fashion Show» ұлттық киім байқауы өтеді.
19 наурыз – «Жаңару күні». Жамбыл атындағы Қалалық жасөспірімдер кітапханасында Қазақ халқының ою-өрнегі мен «Ою мен ой» ұлттық киімі бейнеленген кітап көрмесі өтеді. Сондай-ақ, осы күні қаланың барлық аудандарында ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылады.
20 наурыз – «Ұлттық спорт күні». Оқушылар арасында «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойынынан турнирі өтеді. Сонымен қатар, Алматы галереясында Наурыз мерекесіне арналған суретшілер мен мүсіншілердің тақырыптық көрмесі өтеді. Республикалық академиялық Неміс драма театрында «Рух» тақыптық қойылымы өтеді.
21 наурыз– «Ынтымақ күні». Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Наурыз мерекесіне арналған «НАУРЫЗ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ» концерті өтеді. Сондай-ақ, қала тұрғындары «КӨШ. НАУРЫЗ-ДУМАН!» мерекелік бағдарламасын тамашалай алады. Бұған қоса, 21-22 наурыз 19:00-ден 22:00-ге дейін «Астана» алаңында мерекелік концерт өтеді. Сонымен қатар, Мемлекеттік орталық мұражайында «Наурыз нақыштары» Халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді.
21-23 наурыз аралағында күні бойы қала орталығында «Наурыз» мерекесіне арналған ойын-сауық-танымдық бағдарлама ұйымдастырылады. Дәл осындай шара «Алатау» дәстүрлі-өнер театрында да ұйымдастырылады.
22 наурыз – «Жыл басы». ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында «Ұлы дала тынысы» тақырыбындағы ұлттық бұйымдар көрмесі өтеді.
23 наурыз – «Тазару күні». Жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен бірлесіп коммуналдық қызметтердің күшімен су айдындарын тазалау және аула аумақтарын тазалау жүргізіледі.
Айта кетейік, 2024 жылдың басты мерекесі – 21 наурызда Астанадағы ЭКСПО аумағында өтетін «Ұлы істің – Ұлы таңы» іс-шарасы.
«Бұл мереке ұлттық мұраның сан алуандығы мен халық бірлігін ұштастыра отырып, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен мәдениетінің көрінісі болмақ», – деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі.
«Наурызнама» аясында барлық өңірде халықтық мерекелер мен мәдени-спорттық іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ, осы мереке аясында этноауылдар құрылып, жәрмеңкелер, концерттер, спорттық жарыстар және т.б. ұйымдастырылады.