Алдағы уақытта жекеменшік мектепте оқитын тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаға жауабында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
Оның дерегінше, мектептерде белгілі әлеуметтік санаттағы балаларға жергілікті бюджет есебінен көмек көрсету туралы Үкімет заң жобасын әзірленген. Ол қазіргі уақытта Парламент қарауында жатыр.
«Үкіметтің бастамасымен меншік нысанына қарамастан білім беру
ұйымдарындағы жекелеген санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге
жергілікті бюджеттер есебінен қаржылай және материалдық көмек «Қазақстан
Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және бала
құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу
туралы» Заң жобасында қарастырылған»,– делінген Тамара Дүйсенованың жауабында.
Премьер-министр орынбасарының дерегінше, аталған заң жобасы аясында осы мақсатта «2024 – 2026 жылдары жергілікті бюджеттен 12,1 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат көзделген».
«Аталған өзгерістер мен толықтырулар күшіне енгеннен кейін осы
нормаларды реттейтін заңға тәуелді актілерге тиісті өзгерістер енгізілген соң
жекеменшік мектептердегі көмекке мұқтаж отбасы балаларына тиісті қолдау
көрсетілетін болады», – деді Тамара Дүйсенова.
Айта кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаттары жекеменшік мектептерде мемлекет есебінен оқитындардың әлеуметтік жағдайы ескерілмегенін айтып, Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдаған еді.
Депутаттар қарапайым мектептерде орын жетіспеуінен жай мектептен жекеменшікке ауысатын болса, мемлекеттен берілетін көмектен құр қалатынын айтқан еді. Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасынан шыққан балалар мемлекеттік көмектің болмауынан
оқушылардың арасында «теңсіздік тудырып» отырғанын алға тартқан болатын. Теңсіздіктің нәтижесінде тегін ыстық тамақ пен әлеуметтік көмектерден
айырылған оқушылар мемлекеттік мектептерге қайта оралуға мәжбүр.
«Мемлекет есебінен жекеменшік мектептерде тегін білім алатын аз
қамтылған отбасы балаларына берілетін ыстық тамақ пен мектеп формасымен
қамту, оқу құралдары мен оқулықтар сатып алу сияқты әлеуметтік көмек
қарастырылмаған», – делінген еді депутаттар сауалында.