«ҚазАвтоЖол» Қызылорда облысындағы 40 жыл жөндеу көрмеген республикалық автожолдарға жаңғырту жұмыстарын жүргізбек

Жарияланды
ҚазАвтоЖол Қызылорда облысындағы 40 жыл бойы жөндеу көрмеген республикалық автожолдарды жаңғырту жұмыстарын жүргізбек / kursiv.media архиві

Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автожолы қайта жаңартылып жатыр. Бұл туралы ҚазАвтоЖолдың Telegram-арнасы хабарлады.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолының жалпы ұзындығы – 412 шақырым. Оның ішінде 204 шақырым Қызылорда облысына, 208 шақырым Ұлытау облысына қарасты. Бұл күре жолда кейінгі құрылыс жұмыстары 40 жыл бұрын жасалған.

Тас жолдың Қызылорда облысына тиесілі телімін қайта жаңарту жұмыстары алты учаскеге бөлінген. Қазір бес учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде жолшылар 24-127 шақырым учаскесінде құнарлы жер қабатын алу, айналма жолдарды салу, жабынды терең қопсыту және қолданыстағы жол жабынын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал 127-216 шақырым учаскесінде айналма жолмен көлік қозғалысын қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Бұл автожолдағы жұмыстар кезең-кезеңімен 2022 жылы басталған, – делінген хабарламада.

Қызылорда облысына қарасты автожол учаскесіндегі қайта жаңарту жұмыстары толық 2025 жылдың соңында аяқталады. Жоба аясында асфальтбетон жабыны бар, екі жолақты автожолды қолданысқа тапсыру көзделген. Сондай-ақ су өткізу құбырлары мен малөткелдер де орнатылады.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолының Ұлытау облысына тиесілі учаскесін қайта жаңарту жұмыстары 2024 жылдың екінші жартысында басталады.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолы өңірдің көлік инфрақұрылымындағы негізгі элементтердің бірі екені анық. Сонымен қатар автожол құрылысы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына да өз үлесін қосады. Себебі жол жобаларын жүзеге асыруға көбіне жергілікті мамандар жұмылдырылады. Мәселен, Қызылорда облысындағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту үшін 427 арнайы жол техникасы мен 517 жолшы жұмыс істейді. Оның ішінде 459 адам – жергілікті мамандар.

Айта кетейік, бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайылов автожол жобаларын сапалы және уақытылы орындауды тапсырған еді.

Қазақстан 2030 жылға дейін 8 мың шақырым республикалық және 14 мың шақырым жергілікті автожолдарды сапалы салу мен реконструкциялау міндетін қойып отыр.

Жолдың нашарлығы жол апатына себепші болып, адам өліміне әкеледі, транзиттік тасымал көлемін азайтады, сонымен қатар елдің имиджіне теріс әсер етеді.

Бұрынғы Премьер-министр жолдардың жай-күйі мен көлік инфрақұрылымы ішкі және сыртқы сауданы дамытудың маңызды факторлары екенін атап өтті.

«Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына жұртшылық қанағаттанбай отыр. Интернетте жұмыстың регламент бойынша емес, жаңбыр, тіпті қар жауып жатқан кезде жүргізіліп жатқаны түсірілген көптеген бейнеролик пен фотосуреттер толып жүр», деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін Көлік министрі жол салынуы мүмкін жерлерді жекеменшіке беруге тыйым салуды сұраған болатын.

Қазақстанда жаңа жол салу кезінде жермен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ уақытқа созылады. Сол себепті әкімдіктер жерді резервке қойып, жекеменшікке сатудан бас тарту керек. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министр Марат Қарабаев айтты.

Министр жаңа жобаларды жермен қамту барысында бірқатар қиындық туындап жатқанын айтты. 

«Әсіресе, жеке меншіктен жерді қайтару  рәсімдері 1 жылдан 3 жылға дейін созылуда. Сондықтан әкімдіктер қазірден бастап жаңа жобаларға керекті жерлерді резервке қойып, оларды жеке меншікке беруге тыйым салуы қажет», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз