Жаңалықтар

Қазақстанда 2023 жылы 1,1 млн тонна пияз өндірілген. АШМ сұраныстан 3 есе артық өнімнің бүлініп жатқанын растады

пияз, лук
Қазақстанда 2023 жылы 1,1 млн тонна пияз өндірілген. АШМ сұраныстан 3 есе артық өнімнің бүлініп жатқанын растады / Pixabay

Ауыл шаруашылығы министрлігі пияздың бүлініп жатқаны туралы ақпаратқа жауап берді. Министрлік бұл мәселені қалай шешіп жатқанын хабарлады.

Мәселе қайдан шықты?

Министрліктің хабарлауынша, импорттаушылар тарапынан 2023-2024 жылдардың маусымында сұраныстың төмендеуі аясында артық өндірісті Ресей аумағы арқылы Балтық жағалауы мен Грузияға жөнелту жоспарланған. Бірақ көлік логистикасы мәселесі пияз қорларының жиналуына және бағаның төмендеуіне әкелді. Күн жылып, бейімделген қоймаларда пиязды сақтау мәселесі туындады. Бұл ретте тоңазытқыш жабдығы бар мамандандырылған қоймалар жоқ.

Қалыптасқан жағдайды шешу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мынадай жұмыстар атқарып жатқанын хабарлады:

  • ЖАО-ға ӘКК-де сатып алуды ұйымдастыру үшін көлемдер мен бағалар ұсынылатын АШТӨ тізімдері, сауда объектілері және т. б. жіберілді;
  • СИМ, Қазтрейд ішкі және сыртқы нарықтарда пиязды өткізуді ұйымдастыру туралы хаттар жолданды;
  • СІМ-мен пиязды Пәкістанға өткізу мәселесі пысықталып жатыр және Қазақстанның елшіліктері жаңа өткізу нарықтарын іздестіріп жатыр;
  •  «ҚазАгроЖамбыл» Бірінші халықаралық көрме-форумы шеңберінде өңірлердің ӘКК-мен Жамбыл облысының пияз өндірушілерінің кездесулерін өткізу жоспарланып отыр.

Өнім көлемі сұраныстан 3 есе көп

Министрліктің мәліметінше, пияздың жылдық өнімі – 1,1 млн тонна деңгейінде, ал тұтыну көлемі – орташа есеппен 315 мың тонна. Пияз жинау бойынша негізгі өңірлер – Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстары.

Алдыңғы жылдары пияздың жеткілікті өндірілуіне қарамастан, әсіресе, маусымаралық кезеңде баға үнемі көтеріліп отырды. Фермерлердің ірі көтерме сауда орындары мен базарлардағы делдалға пияз сатқаннан кейінгі кезеңде бағаның айтарлықтай өскені байқалады.

Ұлттық статистика бюросы дерегі бойынша, 2023 жылғы егін ору кезінде көтерме бағалар бұрынғы деңгейге оралды. Келісі – 132-134 теңге. 2024 жылдың басындағы баға келісіне 107-114 теңгеге дейін төмендеді.

Нарық қатысушыларының ақпараты бойынша, өткен маусымнан айырмашылығы, 2023 жылғы күздің басынан бастап пиязға сұраныс айтарлықтай төмендеді. Сөйтіп шаруалар пиязды бір келісі 40 теңге болатын нарықтағы бағамен сата алмады. Осы уақытқа дейін көптеген шаруа пиязды сатуға шешім қабылдап, ұсыныстарын арттырған кезде, баға келісіне 15-20 теңгеге дейін төмендеді.

Биылғы 16 наурыздағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 160 мың тоннаға жуық сатылмаған өнімі бар. Оның 138 мың тоннасы Жамбыл облысында, 22 мың тоннасы Алматы облысында тұр. 

АШМ былтыр пияз бағасын ұстап тұру үшін пиязды экспорттауға 3 айға тыйым салған еді.

Қазақстан пиязын үш ай шетелге сатуға болмайды. Бұл нарықтағы пияз бағасын тұрақтандыру үшін жасалып отыр. Өйткені ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бұл өнімге деген сұраныс артқан.

Одан кейін фермерлерге 20 мың тонна пияз экспорттауға рұқсат берілген.

«20 мың тонна  бас пиязды Қазақстан Республикасының аумағынан үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге 2023 жылғы 28 сәуірге дейін квота енгізілсін», – делінген АШМ-ның Ашық НҚА порталындағы хабарламасында.