Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік дағдарысы, Жапониядағы мөлшерлеме, Apple-ге қатысты болжамдар

Apple-ге қатысты болжамдар/ Фото: Shutterstock

 АҚШ-та коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарысқа байланысты кеңселер сатылады. Жапонияда мөлшерлеменің жоғарылауы әлемдік қор нарығында капиталды қайта бөлуге әкелуі мүмкін. Apple кірісі төмендеді.

АҚШ-та дағдарысқа байланысты кеңселер сатылады

WSJ басылымы АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды егжей-тегжейлі талдады. Елдегі жылжымайтын мүлік нарығы пандемиядан кейін  толық қалпына келмеді және қазір таңда банк секторына қауіп төндіріп тұр. Себебі 2024-2026 жылдары құрылыс салушылар коммерциялық жылжымайтын мүлікті салу және дамыту үшін алған несиелер бойынша негізгі қарыздарды төлеу кезеңі басталады.

АҚШ-тағы бос кеңсе орындары 2019 жылдың аяғындағы 11% – дан 2024 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша 17% – ға дейін өсті. Бұл көрсеткіштер 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінен де жоғары.

CRED IQ мәліметтері бойынша, 2023 жылы төленетін 35,8 миллиард доллар көлеміндегі «кеңсе» несиелерінің тек төрттен бір бөлігі ғана толық өтелді. Қалған несие  төлемдері қайта құрылымдауға берілді.

Несие берушілер қарыз алушыларды ғимараттарды коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығында сатуға мәжбүрлемейді. Өйткені бұл үлкен шығындарға әкелмек.

Жапонияда мөлшерлеменің өсуі капитал ағынын тудырды ма?

Bloomberg Жапониядағы соңғы 17 жылда алғаш рет мөлшерлеменің  өсу салдарынан қандай өзгерістер болатынын зерттеуде. Мөлшерлеме әлі өскен жоқ, бірақ нарықта кеңінен талқыланып жатыр. Жапондық инвестициялық қорлар 4,43 трлн доллар көлеміндегі қаржыны АҚШ-тың акциялары мен облигацияларында ұстап отыр. Теориялық тұрғыдан алсақ, бұл капитал мөлшерлеме көтерілген жағдайда Жапонияға қайтарылуы мүмкін. Әлемдік қор нарығы үшін бұл өзгеріс «тарихи» болмақ.

Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың көпшілігі жапон қорлары АҚШ-тан қаражат шығармайтынына сенімді. Fivestar Asset Management Co ақпаратына сүйенсек,  2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында жапондық инвесторлар 3,5 трлн (23,572 млрд доллар,  2023 жылы – 18,9 трлн йен) шетелдік облигацияларды сатып алды. Бұл соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Жапония Банкінің Басқарма мүшелері 19 наурызда аяқталатын екі күндік отырыста мөлшерлеме мәселесін талқылайды. Елде 2024 жылдың соңына қарай мөлшерлеме 0,01-0,5% жетуі мүмкін. (мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі минус 0,1%).

Nikkei 225 акцияларының индексі әлсіз валютаның,  ақша-несие саясаты және Токио биржасының корпоративтік басқаруды жақсартуға деген ұмтылысының арқасында биыл рекордтық деңгейге жетті. 2023 жылы Жапония акцияларының индексі S&P 500-де 34%-ға және MSCI-де 30%- дан 45% – ға өсті.

Apple компаниясына қатысты болжамдар

Bloomberg Apple компаниясының акциялары бойынша егжей-тегжейлі талдауды жариялады. Бұрынғы нарық көшбасшысы Жасанды интеллектті әзірлеу сайысында айтарлықтай артта қалды. 2023 жылы сатылымдар 3% – ға төмендеді. Кірістің өсуі ағымдағы жылы небәрі 2% – ға өсетіні болжанды. Нәтижесінде, Nasdaq 100 казіргі уақытта Apple-ден 2013 жылдан бергі ең жоғары маржамен озып келеді, айырмашылық 16%-ды құрайды.

Apple басшыларының айтуынша, олардың жасанды интеллектке қатысты үлкен жоспары бар. Бірақ әзірге компанияның болашағын бағалау қиынға соғуда. Ladenburg Thalmann Asset Management компаниясының бас атқарушы директоры Фил Бланкато Apple-ді сатылымы мен кірісінің тұрақтылығына қарай Coca-Cola-мен салыстырады.  Jensen Investment Management портфолио менеджері Кевин Уолкуш  Apple ұзақ мерзімді инвестициялар үшін тартымды компания болып қала беретініне сенімді.

2024 жылдың басынан бастап компанияның құнды қағаздары 10% – ға төмендеді. Нәтижесінде  шамамен 330 миллиард доллар капиталдандырудан айырылып, Microsoft көшбасшы атанды. Apple өз өнімдеріне жасанды зердені енгізу жоспарларын жақын арада хабарлады. Өткен аптада компания канадалық жасанды интеллект жасаушы DarwinAI  сатып алатыны белгілі болды.

Әлемдің қор нарығына шолу

Bloomberg жазуынша, Goldman Sachs Group Inc қадағалайтын технологиялық компаниялардың индексі 2024 жылдың басынан бері 18% – ға төмендеді. StoneX Group Inc сарапшылары бұл нарықтағы «көпіршік» туралы айту негізсіз дейді.

АҚШ-тың TikTok-ты бұғаттау әрекеті америкалық ByteDance (әлеуметтік желінің бас компаниясы) инвестицияларына жалпы сомасы 8 миллиард долларға қауіп төндіреді, деп жазды NYT. Басылым Штаттар TikTok-ты Батыс инвесторларына сатуды көздейді деп болжайды Алайда, бұл жағдайда олар тек брендке ие болады. Ал ең құнды актив-ByteDance-те қалады. Қытайда 2020 жылдан бастап мұндай технологияларды сатуға тыйым салынды. Тыйым TikTok АҚШ инвесторларымен мәмілеге жақындаған сәтте енгізілді.

CME FedWatch мәліметтері бойынша, бірінші жартыжылдықта АҚШ ставкасының  ықтималдығы бір апта бұрын 57,4% – дан 50,4% – ға дейін төмендеді. ФРЖ шілде айындағы отырыста ставканы өзгеріссіз қалдыру ықтималдығы 8,1% – дан 24,1% – ға дейін өсті.