Freedom Holding Corp. СЕО директоры Тимур Турловтың заңгерлері Нижний Новгород облысы төрелік соты шығарғарған, қаржыгерге тиесілі РФ-дағы бірқатар активке тыйым салу туралы шешіміне шағымданады. Бұл туралы ол Kursiv.media-ға берген сұхбатында мәлім етті.
Сот шешімі бойынша, Турловтың өзіне ғана емес, сонымен қатар бірнеше ортақ жауапкерлері үшін бірнеше жылжымайтын мүлік және жалпы сомасы 21 млн долларға жуық қаражатқа тыйым қойылған. Бұл активтердің қандай бөлігі қазақстандық бизнесменге тиесілі екені ашық көрсетілмеген. Тимур Турлов бұл шешім оның негізгі бизнесіне еш әсер етпейтінін айтты. Себебі оның «қазір Ресеймен ешқандай іскери және мүліктік байланысы жоқ».
«Бұл ақылға қонымсыз жағдай. Біз, әрине, заң шеңберінде талқылайтын боламыз. Бұл іс туралы өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдарынан білдім. Айтылып отырған ресейлік банкпен аффилирленбегенмін. Қалай болғанда да, бұл біздің халықаралық бизнесіміз бен Қазақстандағы жобаларымызға еш әсер етпейді, өйткені біздің холдингте ресейлік құрам жоқ», – деп түсіндірді Турлов.
Істің мән-жайы
13 наурызда Ресейдің «Депозиттерді сақтандыру агенттігі» (АСВ) мемлекеттік корпорациясы хабарлағанындай, Нижний Новгород облысының төрелік соты «Ассоциация» АҚ активтерін жылыстатуға қатысы бар «тұлғалардан шығындарды өндіріп алу туралы» АСВ талаптары бойынша істі қабылдаған. Іс бойынша жауап берушілер қатарында Тимур Турлов бар.
2019 жылдың шілде айының соңында Ресей Орталық банкі «Ассоциация» банкін лицензиясынан айырды. РБК мәліметінше, оған есеп беру қағаздарында көрсетілген шоттардағы ақшалай қаражаттың болмауы себеп болған. Тексеру барысында шетелдік банктерде ашылған «Ассоциация» шоттарында 3,8 млрд рубль жетіспейтіні белгілі болды. Бұл сома банктің меншікті қаражатының мөлшерінен екі есе асып түсті.
Сол кезде «Ассоциация» банкі РФ ОБ-мен бірге қазынашылық қызметкері тарапынан алаяқтық әрекеттердің болғанын анықтады. Несие ұйымының сайтында қызметкер «Swift жүйесіндегі банктік операцияларды әдейі бұрмалаған» деген мәлімет шықты. Банк қазынашылық қызметкеріне заңнамалық шаралар қабылдағанын және белгіленген мерзімде жағдайды тұрақтандыру мүмкін екенін айтып өкініш білдірді.
Банк салымшыларға беретін өтемақы сомасы оның барлық салымының 100%-ын құрады, бірақ 1,4 миллион рубльден аспады. Орталық банктің мәліметі бойынша, несиелік ұйым Ресей Федерациясының банк жүйесінде активтердің мөлшері бойынша 170-орынды иеленді.
Өткен жылдың ақпанында Тимур Турлов басқаратын Freedom Holding Corp. ресейлік бизнесін сатуды аяқтады. Ресей Федерациясындағы жұмысын толығымен тоқтатты. Ресей активтері Максим Повалишинге сатылды. Ол бұған дейін «Фридом Финанс» бас директорының орынбасары және директорлар кеңесінің мүшесі болған. Повалишин сатып алған компаниялар ребрендинг жүргізген. Соның нәтижесінде олар «Цифра» («Цифра Брокер», «Цифра Банк») деген жаңа атау алды.
2022 жылдың маусымында Тимур Турлов Қазақстан азаматтығын алды. Ол Ресей, Сент-Китс және Невис азаматтығынан бас тартты.