«Қазатомөнеркәсіп» Африка мен Азияда уран өндіру мүмкіндігін қарастырып жатыр 

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
Business News бөлімінің аға тілшісі
Қазатомөнеркәсіп

Ірі уран өндіруші компания – «Қазатомөнеркәсіп» шетелде уран өндіру бойынша жобаларға кіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Нақтырақ айтсақ, Африка елдері, Моңғолия мен Өзбекстанда уран өндіру ойы бар. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» басқармасы төрағасы Мейіржан Юсупов мәлім етті.

 «Бұл жайлы ойымыз бар. Ерте бастан алдын ала келіссөздер жүргізіп  жатырмыз. Әртүрлі географиялық орынды қарастырып, осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз… Нақты айта алмаймын, алайда атап айтар болсам – Африка континенті. Ол жақта бізді көрсеңіздер деп отырған бірқатар елдер бар. Бірақ та белгілі бір жерлерінде төңкеріс болатынын білеміз. Біршама қаражат салғаннан кейін, төңкеріс жасап, тартып алуы мүмкін. Бұл жерлерде шамалы сақ болған жөн. Бірақ та мүлде бас тартпай қарастырып жатырмыз. Моңғолия, Өзбекстан, Америка бар», – деді Мейіржан Юсупов шетелде учаскелер мен кен орындарын алу жоспары туралы сұраққа жауап бергенде.  

Кейінірек басқарма төрағасы әңгіме нақты Танзания мен Намибии жайында болып отырғанын ашып айтты. Оның айтуынша, компания Нигерияда жұмыс бастау жайлы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Жақында мемлекеттік төңкеріс болғаннан кейін, ол жақтан француздық Orano кетуге мәжбүр болған.

«Егер тіпті ондай ойымыз болса да, бірінші директорлар кеңесі, акционермен («Самұрық-Қазына», «Қазатомөнеркәсіптің» 75% акциясына ие – Курсив), басқа да құзыретті органдармен келісеміз. Себебі кез келген бизнесті шетелде жүргізумен қатар жүретін тәуекел болады. Басқа елдің аумағына кіру керек. Ол жақта бизнес қалай жүргізіледі, қауіп-қатері қандай екені беймәлім. Дегенмен бұл жайында акционермен, директорлар кеңесімен ақылдасып жатырмыз. Әртүрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз, бірақ та бұрын айтқанымдай, дайын тұрған жоба жоқ.Бұл бағытта жұмысты жалағастырамыз», – деді Юсупов.

Сонымен қатар басқарма төрағасы мұндай ұсыныс түсіп жатса, басқа елдерді де қарастыру ойлары бар екенін айтып қалды. Алайда компания басшысы «Қазатомөнеркәсіптің» бірінші кезектегі міндеті Қазақстанның өзінде уран қорының артуын көру екенін атап өтті. Бұл жобалар «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес компанияларына тиелісі болу керек.

2023 жылдың қорытындысы бойынша «Қазатомөнеркәсіптің» шоғырландырылған түсімі 1,435 трлн теңге (2022 жылғы көрсеткіштен 43% жоғары) болды. Операциялық пайда 681 млрд теңге (+49%), таза пайда — 580 млрд теңге (+23%). 

Еске сала кетсек, уран бағасы қымбаттағанымен, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 9 айдағы пайдасы 1,7%-ға азайған.

Компанияның активтері 2,9%-ға ұлғайып, 2,22 трлн теңгеден 2,29 трлн теңгеге дейін жеткен. Міндеттемелер 6,1% көлемінде өсім көрсетіп, 526 млрд теңгеден 558 млрд теңгеге дейін артқан.

9 айда шығыстар – 651,4 млрд, кіріс – 923,5 млрд теңгені құраған. Өткен жылы шығыстар – 5990,7 млрд, кіріс – 859,7 млрд шамасында болған.

Есептік кезеңде уран өндірісі 2%-ға төмендеп, 15 317 тоннаны құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде компания уран өндірісін 3%-ға қысқартқан болатын. Нәтижесінде уран өндірісі 21 227 тоннаға дейін азайған.



Сондай-ақ оқыңыз