Қазақстандағы құрылыстың 26%-ын шетелдік компаниялар жүзеге асырады
Қазақстанда құрылыс көлемі 2024 жылдың екі айында ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12% ұлғайып, 356,6 млрд теңгені құрады.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша барлық құрылыс жұмыстарының 71% жеке компаниялар, 26,4% шетелдік компаниялар және 2,7% мемлекеттік компаниялар жүзеге асырған.
Елдегі құрылыстың 30% жуығы тұрғын емес ғимараттарды салу мен жөндеу, 12% тұрғын үй кешендерін салумен байланысты. Барлық жұмыстың 7,3% – жол құрылысы, 5% – темір жол, 5% – мұнай және газ құбырларын салу, 4% – шахталар құрылысына тиесілі.
Ақпаратқа сүйенсек, екі ай ішінде Қазақстанда бірде бір жаңа аурухана берілмеген. Есесіне 2575 оқу орнына арналған 7 жалпы білім беретін мектеп, 890 орынға арналған 8 мектепке дейінгі ұйым және ауысымда 250 келіп-кетушіге арналған 10 амбулаториялық-емханалық мекеме пайдалануға берілді.
18 өңірде құрылыстың көлемі айтарлықтай ұлғайған. Жетісу (145%), Қызылорда (47%), Жамбыл (45%), Павлодар (38%) облыстарында және Астанада (35%) өсім байқалады. Жұмыстардың қарқыны Маңғыстау облысында (-22%) және Алматыда (-5%) төмендеген.
Құрылыс көлемі өскенімен жаңа тұрғын үй көлемі кеміген. 2024 жылдың екі айында 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өткен жылдың сәйкес кезеңінде берілген тұрғын үй көлемі бұдан 3,4% көп болған.
Ең көп тұрғын үй Астанада (667 мың шаршы метр), Алматыда (243 мың) және Алматы облысында (133 мың) пайдалануға берілді. Осыған қарамастан, Алматыда 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрғын үйдің жалпы көлемі 42,5% төмендеген.
Ел бойынша берілген тұрғын үйлердің жалпы құны 403 млрд теңге болған. Астана қаласында берілген тұрғын үйлердің жалпы құны – 149 млрд теңге, Алматы қаласында – 63 млрд теңге, Алматы облысында – 24 млрд. теңге. Тұрғын үйге ең аз қаржы Ұлытау облысында – 310 млн теңге, Солтүстік Қазақстан облысында – 1,8 млрд теңге жұмсалған.
Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу
2023 жылы Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге бюджеттен 382,5 миллион теңге бөлінген. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев құрылыс кодексіндегі кемшіліктерді сынға алғанын жазған едік.
Депутат Президенттің 2022 жылы жаңа су, салық және қала құрылысы кодекстерін әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Бұдан бөлек қала құрылысы кодексін әзірлеуде бірқатар проблемалар барын айтты. Оның айтуынша, үкімет бұл мәселені тым ұзаққа созып жіберген. Тіпті аталған кодекс жобасы президент тарапынан да сынға ұшырағанын ескертіп өтті.
Осыған дейін президент құрылыс кодексін қайта қарап, саладағы сыбайлас жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қоюды ұсынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкімет және Ұлттық банкпен бірлесіп, оны құрылыс саласына енгізуді тапсырды.