Ақпан айында Қазақстанда жылдық инфляция 13 өңірде бәсеңдеп, 4 облыста өсті
Ақпанда елде жылдық инфляция баяулап, 9,3%-ды құрады (қаңтарда – 9,5%). 13 өңірде жылдық инфляция бәсеңдеді, 4 облыста қарқын алып, 3 өңірде өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Өңірлер бойынша баға қалай өзгерді?
Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді.
Өткен айда азық-түлік тауарларының бағасы 7,4%-ға дейін баяулады (қаңтарда – 8,2%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Ұлытау облысында (10,3%) барынша жылдам, ал Шымкент қаласында (5,2%) мейілінше баяу өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 8,5%-ға дейін бәсеңдеді (қаңтарда – 8,6%). Жоғарғы мән Маңғыстау облысында (13,3%), ең төменгі мән Ақтөбе облысында (7,1%) тіркелді.
Ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 12,8%-ға дейін жеделдеді (қаңтарда – 12,3%). Сонымен қатар, Қарағанды облысында (18,0%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама тез, Алматы облысында (8,0%) айтарлықтай баяу өсті.
Ел бойынша айлық инфляция 1,1%-ға өсті. Бұл тарихи орташа мәннен жоғары (2017-2021 жылдардағы ақпанда – 0,7%).
Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы ақпан айының есебін жариялаған. Статистикаға сүйенсек, баға ақылы қызметтерге бір жылда 12,8% (2024 жылғы қаңтарда – 12,3%), азық-түлік емес тауарларға – 8,5% (2024 жылғы қаңтарда – 8,6%), азық-түлік тауарларға – 7,4% (2024 жылғы қаңтарда – 8,2%) өсті.
Инфляция динамикасы қандай болды?
Өткен жылғы ақпанмен салыстырғанда тарифтер:
· су бұруға – 33,9%;
· орталықтан жылытуға – 30,9%;
· суық суға – 30,8%;
· қоқыс шығаруға – 30,7%;
· ыстық суға – 29,4%;
· электр энергиясына 19,9% өсті.
Ұшақ билеті арзандап, такси ақысы өсті
Таксимен жол жүру – 11,7%, қалалық автобуспен – 9,3%, жолаушылар теміржол көлігімен – 8,7%, қалааралық автобуспен 8,2% қымбаттады. Жолаушылар әуе көлігімен жол жүру 4% арзандады.
Баға деңгейі фармацевтикалық өнімдерге – 11,7%, жиһаз және үйге қажетті заттарға, киім және аяқ киімге – 11%-дан, жеке қолданылатын тауарларға – 10,9%, ыдысқа – 9,2%, құрылыс материалдарына 6,9% өсті. Дизель отыны – 14,5%, бензин – 13,6%, баллондағы сұйытылған газ 12,9% қымбаттады.
Азық-түлік бағасы
Қымбаттаған өнімдер:
· күріш – 26%;
· жұмыртқа – 18,3%;
· жаңа жиналған жемістер – 17,2%;
· минералды және ауыз су – 16,9%;
· салқындатылған сусындар – 16,6%;
· алкогольді ішімдіктер және темекі өнімдер – 14,4%;
· жеміс және көкөніс шырындар – 12,5%;
· сары май – 12,2%.
Сонымен қатар пастерленген сүт – 11,3%, консервіленген сүт – 11,2%, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдер – 11%, майлылығы 2,5% айран – 10,9%, макарон өнімдері және қамырдан жасалған өнімдер – 10,4%, балық және теңіз өнімдері 10,1% қымбаттады.
Пияз – 42,5%, қарақұмық жармасы – 24,3%, күнбағыс майы – 21,2%, құмшекер – 14,8%, картоп 12% арзандады.