Kaspi bank 2023 жыл үшін төленетін дивиденд көлемін жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Kaspi bank қанша дивиденд төлейді? /Reuters Connect

«Kaspi bank» АҚ дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы қаржы ұйымы Қазақстан қор биржасына жолдаған құжатта жазылған.

«Kaspi Bank акционерлері 2023 жылға жай және артықшылығы бар бір акцияға 4 000 теңге көлемінде дивидендтер төлеуді мақұлдады», – деп жазылған құжатта.

Төлемдер 2024 жылдың 18 наурызында басталады.

«Банктің акциялары бойынша дивиденд төлеу акционерлердің жалпы жиалысы шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады», –деп бекітілген құжатта.

Kaspi.kz акционерлері АҚШ-тағы IPO-сынан 1 млрд доллар табыс тапты

Еске сала кетсек, қаңтарда Kaspi.kz тобының негізгі акционерлері бағалы қағаздарын америкалық NASDAQ биржасында орналастырды. Онда финтехкомпания шамамен 1 млрд доллар табыс тапты.

Аталған көрсеткіш компанияның Лондон қор биржасындағы (LSE) депозитарлық қолхаттары бағасына негізделген болжамнан 127 миллион доллар артық. IPO барысында Kaspi.kz иелері әр акцияны 92 доллардан, жалпы саны 11,3 миллион америкалық акция сатты. Олар кейін компанияның жай акцияларына айырбасталды. SEC ұйымына жіберілген хабарламада 9 миллион бағалы қағаз орналастыруға ниетті екені жазылған еді.

Бұған дейін Kaspi Bank 2023 желтоқсанда дивиденд төледі

Ол кезде дивиденд мөлшері бір жай немесе артықшылығы бар акцияға 2,3 мың теңгені құрады. KASE сайтындағы мәліметтерге сәйкес, айналымда компанияның 18,3 миллион жай және 372,5 мың артықшылығы бар акциясы жүр.

Kaspi Bank-тің 88,34% акциясын иеленетін ең ірі акционері – Kaspi.kz холдингінің құрамына кіретін Kaspi Group. Ең соңғы бенефициарлары – Baring Vostok қоры (26,13%), Михаил Ломтадзе (23,42%) және Вячеслав Ким (22,27%). Kaspi.kz акциялары KASE-де орналастырылған. Жаһандық депозитарлық қолхаттары Лондон қор биржасында (LSE), АҚШ-тың NASDAQ биржасында саудаланады.

Жуырда Kaspi.kz Лондон қор биржасында (LSE) өзінің ADS (америкалық депозитарлық акциялар) және ЖДҚ (жаһандық депозитарлық қолхат) листингінен бас тартатынын хабарлады. Делистинг 2024 жылдың 25 наурызына дейін өтеді деп күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз