Алматы прокуратурасы Храпунов мемлекет меншігінен заңсыз шығарған жедел медициналық жәрдем кешенін қайтарды

Жарияланды (жаңартылды )
Храпунов
Храпунов заңсыз иеленген жедел жәрдем медициналық кешені мемлекетке қайтарылды / Фото: kursiv.media

Алматы қаласының прокуратурасы Алматы қаласының бұрынғы әкімі В.Храпунов мемлекет меншігінінен шығарып бастаған жедел медициналық жәрдем кешенінің бір бөлігін қайтарып алды. Бұл жайлы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«15.02.2024 жылы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 27.11.2023 жылғы мүліктік жедел медициналық жәрдем кешенінің бір бөлігін жеке меншікке шығару туралы шешімді жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді», – делінген құжатта.

Атап айтқанда, сот Алматы қаласының бұрынғы әкімі В.Храпуновтың Райымбек 196 мекенжайында орналасқан ауданы 3800 м2 және 50 сотық жер ғимаратты жеке құрылымдарға шығару туралы шешімін заңсыз деп тапқан.

Нәтижесінде қадағалау органының шараларымен қаланың денсаулық сақтау саласындағы мүліктік кешеннің бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылған.

Еске сала кетсек, бас прокуратура Алматының экс-әкімі Виктор Храпуновтың сегіз жер телімін тәркілеу бойынша атқарушылық іс қозғағанын хабарлаған болатын. Сол кезде коммерциялық және тұрғын үй, жылжымайтын мүлік, жер телімдері сынды 36 нысанды тәркілеу жоспарланып отырғаны айтылған.

Ал өткен жылдың күзінде Алматыда Храпунов отбасынан тәркіленген мүлікті иелену ісі бойынша экс-шенеуніктерге қатысты үкім шықты. Мемлекетке келтірілген шығын – 819 млн теңге. Айыпталушылар шығынды сот процесі барысында өтеген.

Қылмыстық іс бойынша 3 адам сотқа тартылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұхановқа қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («алаяқтық») бойынша айып тағылған.

Бұрынғы Ұлттық экономика вице-министрі Ильяс Өсеров, Алматы қаласы мемлекеттік сатып алу басқармасының бұрынғы басшысы Айнұр Құдайбергеноваға қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі – 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («алаяқтық әрекетке көмектесу») бойынша айып тағылған.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Алматы қаласының бұрынғы әкімі (1997-2004 жж.) және Шығыс Қазақстан облысының әкімі (2004-2007) Виктор Храпунов 17 жылға қатаң режимдегі колонияда бас бостандығынан айырылған болатын. Оның әйелі Лейла Храпунова мүлкі тәркіленіп, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Храпуновтар өздері құрған ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында мемлекет мүлкін жымқырды, алаяқтық жасады, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды, пара алды және ұрланған мүлікті заңдастырды деп айыпталған. 

Сондай-ақ оқыңыз