Тоқаев жария еткен жаңа ипотекалық бағдарлама үшін Үкімет 300 млрд теңге бөледі

Жарияланды
ипотекалық бағдарлама
Ипотекалық бағдарлама бойынша бірінші жылы 12 мың отбасыны үймен қамту көзделген / Фото: kursiv.media

Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сол мақсатта жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Бұл жайлы Үкімет отырысында айтылды. 

Жаңа бағдарламаға қанша қаражат бөлінеді? Үкімет үйінің хабарлауынша, сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлердің санын 4 есе арттыру үшін бюджеттен қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкімен бірлесіп, 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарлама іске қосылады. 

Қанша үй салынады? Биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Бұл бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық екен.Бұл бағдарлама негізінде бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың мұқтаж отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

Кімдер қатыса алады? Жаңа бағдарламаға жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елдімекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады.

Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тұрғын үй бағдарламасы туралы айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болады. Сонымен бірге ол үйлерді алатын әлеуметтік осал топтағы жандар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын болады. 

Тағы қандай шаралар жүзеге асырылады?

Сонымен бірге еліміздің жол желісін дамыту бойынша президент айтқан 12 мың шақырым автомобиль жолдарын реттеу үшін Үкімет ағымдағы жұмыстардан бөлек, қосымша 2,5 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Бұл жобаларды жүзеге асыруға шамамен 1 трлн теңге инвестиция бағытталмақ. Нәтижесінде сапасы жақсы және қанағаттанарлық республикалық жолдардың үлесі 93%-ға артады. Сондай-ақ қосымша 24 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

Сонымен бірге президенттің газдандыруға қатысты 1,7 мың шақырым желіні жаңғырту тапсырмасын орындау мақсатында елдің 300 мыңнан астам тұрғынын газбен қамту жоспарланып отыр. Осыған байланысты Үкімет биыл жоспарланған 46 елді мекеннің орнына 87 елді мекенді газдандырмақ. 

«Осылайша, 63 мыңнан астам адам жеделдетілген шаралармен газбен қамтамасыз етілетін болады, яғни қамту іс жүзінде 2 есеге ұлғайтылды. Бұл мақсаттарға 195 млрд теңге бөлінетін болады»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз