Жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы кезінде адамдарды азаптаған бұрынғы полиция қызметкерлеріне сот үкімі шықты

сот, сот үкімі
Қаңтар оқиғасы кезінде адамдарды азаптаған бұрынғы полиция қызметкерлері сотталды / kursiv.media архиві

Талдықорған қаласының соты 2024 жылғы 18 наурызда Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау фактілерін қолданған бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Жетісу облысының прокуратурасы хабарлады.

Қылмыстық істі Жетісу облысының арнайы прокурорлары тергеп-тексерді.

«Мемлекеттік айыптаушылар 2022 жылғы 5-16 қаңтар аралығында Алматы облысы полиция Департаментінің ғимаратында кінәлі тұлғаларға қатысты дене зорлық-зомбылықпен қатар, тергеудің тыйым салынған әдістерін жасағаны дәлелденді», – делінген хабарламада.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жеті жәбірленушіге әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттары келтірілген.

«Сот үкімімен үш сотталушы 4 жылдан 6 жылға дейінгі бас бостандығынан айырудың әртүрлі мерзімдеріне сотталып, олардың біреуі бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар сот жазаланғандарды арнайы атақтарынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу ісі бойынша бес адамға сот үкімі шыққанын жазған едік.

Істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Мартпек Кәкімжанов қарады.

Сот үкіміне сәйкес, журналист Айгерім Тілеужанова 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырыды деп танылды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

К.Нұрпейісов ғимаратқа шабуыл жасады деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев пен Жанайдар Карменов әуежайға шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі емес, төңкеріс деп бағалаған еді.

«Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт. Мен 2019 жылы президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсы­нысыммен арнайы құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды. Ашығын айтсам, осы жаңа бағдары­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», – дейді президент.

Мемлекет басшысының пікірінше қаңтарға «төңікерісшілер» жарты жыл бұрын дайындалған. Сұйытылған газдың бағасын көтеру де еш негізсіз болған.