Енді елімізде мұғалімдердің оқулықтарды таңдау жүйесі автоматты түрде жүзеге асады. Педагогтер сабақтарды ұйымдастырудың ерекшеліктеріне қарай, өздеріне ұнайтын оқулықты ETANDAU.GOV.KZ платформасы арқылы таңдай алады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір электронды платформа Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ Қостанай облысының бірқатар мектебінде апробациядан өткен.
ETANDAU.GOV.KZ – мұғалімдерге арналған оқулықтарды таңдаудың ашық жүйесі. Апробация кезінде оның функционалдығы және жұмысты оңтайландыру мүмкіндіктері расталды. Педагогтер оқу процесінің ерекшеліктері мен ұйымдастырылуын ескере отырып, өздеріне ұнайтын оқулықты өз бетінше таңдай алады, – деді Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының директоры Назира Әбдірахманова.
Қазір мұғалімдер платформаны пайдалану бойынша оқытудан өтіп жатыр. Бұл бастама білім беру сапасын және тиімділігін арттыруға тағы бір қадам болмақ.
Бұған дейін министрлік мектеп оқулықтары жарыққа шықпай тұрып, қоғамдық талқылауға шығарылатынын хабарлаған.
Министрліктің хабарлауынша, ақпанның 12-сінен бастап жаңадан әзірленген оқулықтардың мазмұнына қоғамдық талқылаулар жүргізіліп жатыр. Талқылау talkylau.ebmso.edu.kz сайтында жүреді. Онда оқулықтар мазмұнының сапасы, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, баяндау тілі мен безендірілуіне қатысты қоғам мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық өкілдері сын пікірлерін білдіре алады.
Қазіргі таңда сайтта жаңадан әзірленген мынадай оқулықтар талқыланып жатыр:
- 3-сынып үшін «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Орыс тілі» (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), шет тілдері (ағылшын, француз);
- 3,9-11 сыныптар үшін «Неміс тілі»;
- 5-9 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттілік» оқулықтары қағаз нұсқада;
- 3-сыныпқа арналған «Цифрлық сауаттылық/ Цифровая грамотность» пәні бойынша электронды оқулықтар.
Қоғамдық талқылауларға ғылыми-педагогикалық қоғам өкілдері, әдіскерлер, ғалымдармен қатар барлық қазақстандықтар қатыса алады.
Ол үшін азаматтар веб-порталда тіркелуі керек. Содан кейін оқулықтардың макеттерімен танысып, кітапқа қатысты «түсініктеме қосу» тетігі арқылы оқулықтардың мазмұны мен құрылымына қатысты сын-пікірлер, ұсыныстар мен ескертулерді жаза алады.