Қазақстанда қала мәртебесіне лайық 112 ауыл бар. Олар қалаға айнала ма?

Жарияланды
Қала мәртебесіне лайық 18 елдімекеннің халық саны 30 мыңнан асады /Фото: kursiv.media

Қазақстанда қала мәртебесіне лайық 112 ауыл бар. Оларды қалаға айналуы мүмкін бе? Бұл мәселелер Үкіметте өткен жиында талқыланды.

Жиын барысында премьер-министр Олжас Бектенов адамдардың ірі елдімекендерге көшіп жатқанын, осы орайда халық тығыз орналасқан ауылдардың мәртебесін қайта қарау мәселесі тұрғанын айтты.

«Қазір осындай ауылдардың саны қанша? Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?»,  – деп сұрады үкімет басшысы.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бүгінде қала мәртебесіне лайық 112 елдімекен бар екенін, олардың тұрғындары мен әкімдіктері қаласа, қала мәртебесін алу құқы қарастырылатынын айтты.

«Қазір елімізде 10 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың саны – 112. Оның ішінде 18 елдімекенде 30 мыңнан аса адам тұрады. Олардың мәртебесін өзгерту үшін заңнамада тетіктер бар. Мысалы, 3 жыл бойы халық саны 10 мыңнан асып отырса, онда облыс мәслихатының деңгейінде осы ауылдардың мәртебесін өзгерту құқығы бар, яғни қалаға айналдыруға болады. Бұл заң 2021 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Қазіргі таңда облыс әкімдіктері мәслихаттардың өтініміндерін қарастырып жатыр. Бірақ әлі де нақты бір шешім қабылданған жоқ. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тиісті шешімді облыс әкімдіктері қабылдайды», – деді.

Ал Олжас Бектенов ауылдарды қалаға айналдыру міндеттелмейтінін, бұл орайда тұрғындардың құқығы ескерілетінін айтты. Үкімет басшысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан халқының саны 60 мың тұрғынға жетіп қалған Қарабұлақ ауылына қала мәртебесін беру мәселесіне қатысты ойын сұрады.

Өңір басшысы негізі кәсібі мал шаруашылығы саналатын ауыл тұрғындары үшін қала мәртебесін беру соншалықты тиімді болмауы мүмкін екенін айтты.

«Қарабұлақ» ауылының тұрғындар саны 53 мыңнан асып отыр. Қарабұлақ – аграрлы ауыл. Аудан бойынша өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің 30 пайызы осы ауылға тиесілі. 2023 жылы 42 млрд теңгеге ауылшаруашылық өнімдерін өндірді. Аудандық немесе облыстық маңызы бар қала мәртебесін берген жағдайда ауыл тұрғындарының бірқатар мүмкіндіктері шектеледі. ҰБТ кезінде оқушыларға ауылдық квота берілмей қалады, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау сында т.б. мүмкіндіктері болмайды», – деді әкім.

Айта кетсек, алдағы уақытта елдегі 17 ірі елдімекеннің ауыл мәртебесіне сәйкестігі туралы мәселе қаралады. Мысалы, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылының халқы 54 мың адамға жетсе, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылында 50 мың адам, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында 47 мың адам тұрады. Бұл ауылдар, керісінше, болашақта қала мәртебесіне ие болуы мүмкін.

Ал Ақмола облысындағы Степняк қаласы мен Ақтөбе облысындағы Темір және Жем қалалары керісінше қала мәртебесінен айырылуы мүмкін.

Степняк Ақмола облысы Біржан сал ауданының әкімшілік орталығы саналады. Қала тұрғындарының саны 3,8 мың адамды құрайды.

Ал Темір қаласы – Ақтөбе облысы Темір ауданының әкімшілік орталығы. Қалада 2,1 мың адам тұрады. 

Жем – 1,5 мың халқы бар аудандық маңызы бар қала. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында орналасқан. 

Сондай-ақ оқыңыз