Қытай Evergrande компаниясын 78 млрд доллар көлемінде алаяқтық жасады деп айыптады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қытай Evergrande компаниясын 78 млрд доллар көлемінде алаяқтық жасады деп айыптады / REUTERS/Aly Song

China Evergrande Group өз кірісін 78 млрд доллар деп асыра бағалады. Бұл туралы Қытайдың Ұлттық бағалы қағаздарды реттеуші органы хабарлады.

Осы іске байланысты компания негізін қалаушы Хуэй Ка Ян тарихтағы ең ірі қаржылық алаяқтық істердің бірін істеді деп айыпталып отыр.

Bloomberg ақпаратына сүйенсек, мемлекеттік орган компания 2020 жылға дейін екі жылдағы сатылымдарды алдын ала мойындап, нәтижесінде дефолтқа ұшырағанын хабарлады. Компанияның елдегі бөлімшесіне 4,18 млрд юань (581 млн доллар) айыппұл салған. 

Evergrande компаниясының алаяқтығы дәлелденетін болса, бұл осыған дейінгі Қытайда ірі алаяқтықпен ұсталған Luckin Coffee Inc ісінен де шулы болады. 

Компаниялар тексеру Қытайдың бағалы қағаздарды реттеу жөніндегі комиссиясының жаңа төрағасы келгеннен басталған. Ол қадағалауды күшейтіп, бухгалтерлік есептерді қайта қарауды жөн көрген.

Бұл айыптаулар бір кездері Азияның ең бай отбасы болған Хуэй әулетіне үлкен соққы жасап, Қытайдағы жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарысты күшейтпек.

Гонконг сотының Evergrande-ке қатысты шешімі

Осыған дейін Гонконг сотының шешімі әлемдегі ірі құрылыс компанияларының бірі China Evergrande-ні жауып тынуы мүмкін екенін жазған едік.

Reuters ақпаратына сүйенсек, сот компанияның 300 млрд доллар қарызын өтеуге қатысты шешім шығарған. Шешімді Линда Чен есімді судья қабылдаған. Оның айтуынша, компания бірнеше айлық кідірістерге қарамастан, нақты қайта құрылымдау жоспарын ұсына алмаған. Сол себепті осы шешімді қабылдауға мәжбүрлеген. Осылайша қарызын өтей алмаған компания біржола жабылып қалуы мүмкін.

240 млрд доллар активі бар China Evergrande компаниясының жабылуы Қытайдағы жылжымайтын мүлік нарығына айтарлықтай өзгеріс алып келеді. Сарапшылар алдағы уақытта тұрғын үй бағасы күрт құбылуы мүмкін деп болжап отыр. Инвесторлар мен тұтынушылардың сенімін жоғалтқан жағдайда Қытай экономикасы тежеліп қалатынын да баса айтып жатыр.

3 жылда 50-ден астам қытайлық құрылыс компаниялар дефолтқа ұшыраған

Тамызда The New York Times ҚХР-дағы жылжымайтын мүлік саласының жай-күйіне талдау жариялады. Елдегі ірі компаниялардың бірі Country Garden қарыз төлемдерін төлеу уақытын кешіктіргендіктен, дефолт шегінде тұрғанын жазған. Компания I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша $7,6 млрд шығын болады деп күтеді.

Мұның бәрі 3 жыл бұрын қытай билігінің құрылыс компанияларының қауіпті іскерлік мінез-құлқымен күресуінен басталды. Содан кейін көптеген құрылыс салушы кәсіпорындар алдыңғы несиелерді өтеу үшін қарыз алды. Мемлекеттік реттеу қатаңдатылғаннан кейін тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны баяулады. Өйткені нарыққа арзан ақша түсуді тоқтатты.

Сондай-ақ оқыңыз