2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында 145 мыңға жуық азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсібін заңдастырған. Бұл туралы Үкімет кулуарында Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.
«Қаңтар айында бізде 75 мыңға жуық жеке кәсіпкер кәсібін заңдастырған. Егер бұрын (бір айда – ред.) шамамен 2-3 адам кәсібін заңдастырған болса, қазір қаңтарда 75 мың, ақпан айында шамамен 70 мың. Яғни заңдастыру және кәсіпті көлеңкеден шығару процесі жүріп жатыр. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді министр.
Такиевтің сөзінше, қазір жылдың басында болған қарбалас тұрақталып, банктермен жұмыс жүргізіліп, кәсіпкерлер кәсібін заңдастырып, адамдар мобильді аударымдарға қайта көшкен.
Ол қазір кәсіпкерлерге 12 АЕК деңгейінде қаржы табуға міндеттелгенін айтады. Яғни кәсіпкер ретінде тіркелу үшін 85 мыңнан көп пайда табу керек.
Бұдан бөлек, мобильді аударымдарға қатысты екі критерий бар екенін атап өтті. Алғашқысы 3 ай ішінде 100-ден артық мобильді аударым болып, аударым сомасы 255 мыңнан асуы керек. Екінші критерий әзірге талқыланып жатыр.
Жеке кәсіпкерлікті қалай тіркеуге болады?
Осыған дейін жеке кәсіпкерлікті қалай тіркеуге болатыны туралы жазған едік. Қолыңыздағы телефон арқылы да жеке кәсіпкерлікті тіркеуге болады. Бүгінде екі банктің — Kaspi және Halyk Bank мобайл қолданбаларының көмегімен ашуға болады. Kaspi арқылы ашқыңыз келсе:
- Мобайл қолданбаны ашып, Мемлекеттік қызметтер бөліміне кіріңіз. Қолданбаның сол жақ бұрыштағы бас мәзірінде немесе «Төлемдер» деген жерден «Мемлекеттік қызметтер, айыппұлдар мен салық» бөлімінен таба аласыз.
- Одан кейін «Жеке кәсіпкерлікті тіркеу» деп басыңыз.
- Мәліметтің бәрі автомат түрде енгізіліп тұрады. Сізге қалғаны салық төлейтін ауданды таңдау ғана. «Жалғастыру» деп басқан соң, мәліметтер тексеріліп, қызмет түрі нақтыланады. Соның ішінен өзіңіздікін тауып алыңыз.
- Кейін салық режимі таңдалып, тіркеу жүргізіледі.
Салық режимін таңдағанда ескеріңіз
Салық түрін таңдағанда мұқият болыңыз. Елімізде кәсіпкерлер салық төлеу режимінің алты түрінің бірін таңдайды. Олар:
- ЖБР (жалпыға бірдей белгіленген режим) – кіріс пен шығыс арасындағы айырмадан төленетін салық.
- Оңайлатылған режим (оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі) – түскен табыс сомасынан төленетін салық.
- Патент (патент негізіндегі арнаулы салық режимі) – мәлімделген табыс сомасынан есептелетін салық.
- ТШР (тіркелген шегерім режимі) – кіріс пен жекелеген шығындардың түрі арасындағы айырмадан төленетін салық.
- БЖС (шаруа немесе фермерлік қожалықтар үшін арнайы салық режимі) – жер учаскесінің ауданына қарай есептелетін бірыңғай жер салығы.
- АШТӨ (ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнайы салық режимі) – салықтар жалпы белгіленген тәртіппен төленеді және 70 пайызға азайтылады.
Egov.kz-те мынадай үш түрі бар: жалпыға бірдей белгіленген режим, патент негізіндегі арнаулы салық режимі және оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.
Қызмет ақылы ма?
Тіркелу үшін еш ақы алынбайды. Бірақ 2 АЕК немесе 2022 жылғы көлемі 6 126 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығын төлеуіңіз қажет. Оны банкке барып төлей аласыз. Halyk Bank арқылы әрі жеке кәсіпкерлікті тіркеп, әрі банктен есепшот ашуға мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге, есепшотты басқару үшін де Halyk Bank-тің мобайл қолданбасын қолдануға болады. Атап айтқанда, карта алып, жеке кәсібіңіздің қалай өрбіп жатқанын бақылап, салық сомасын есептей аласыз.
Жеке кәсіпкерлікті тіркеу не үшін міндетті?
Жеке кәсіпкер статусын алу белгілі бір жағдайларда керек болады. Яғни жүргізіп отырған кәсібі аясында қол астында бірнеше қызметкер ұстап, жылдық табысы 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен немесе 720 000 теңгеден асатын болса, тіркеу міндеттеледі. Егер сіз тіркеуден қашатын болсаңыз, анықталған жағдайда сіздің жұмысыңыз заңсыз деп танылады. Сондай-ақ, кәсібіңіз бен өзіңізге кері әсерлері болады.