Қазақстанда қымыз 2023 жыл ішінде қымыз өндірісі 236 тоннаға артып, шұбат өндірісі 61 тоннаға кеміген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Бюроның ақпаратына сүйенсек, өткен жылдың 12 айында қымыз өндірісі 10,6% өсіп, 2 463 тоннаға жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 236 тоннаға артық.
Алайда елде шұбат өндірісі 2% төмендеп, 3003 тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 61 тоннаға аз.
Сүт өнімдерінің өндірісі азайған
Алайда осыған дейін өндіру деңгейі төмендеген өнімдердің көшін сүт өнімдері бастап тұрғанын жазған едік. Елде сары май, сүт, сыр, сүзбе сияқты өнімдердің өндірісі күрт төмендеген. Бұл, әрине, алаңдатарлық жағдай.
Жалпы сүт саласындағы проблемалар былтырдан бері жиі айтыла бастады. Тіпті жанайқайға айналды десе болғандай.
Қазақстан сүт одағының директоры Владимир Кожевниковтың айтуынша, сүт өнімдерінің өндірісі артқан күнде де шикізат жинау дейтін түйткіл шешімін таппай қала береді. Ал «Эмиль» ЖШС директоры Анна Аберле екі жыл бойы сары майға субсидия ала алмай жүргенін айтты. Қазақстанмен салыстырғанда субсидия үлесі Ресей мен Беларусьте біршама жоғары. Мамандардың айтуынша, аталған елдерден импорттың көп болуына да осы фактор себепші.
«Тауарлық сүттің бағасы 60%-ға өсті, бірақ сатып алу қабілеті мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу сары майдың құнын пропорционалды түрде арттыруға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ аграрлық саланың стратегиялық дамуын айқындау және субсидиялау механизмін тұрақтандыру қажет. Мемлекеттік қолдау шарттарының жиі өзгеруі бизнестің дамуына кедергі келтіреді», – дейді.
Қазіргі уақытта сүттің 71 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Ал олар күзгі-қысқы кезеңде өңдеуге сүт тапсыруды толық тоқтатады. Шикізат тапшылығы қаупін түсіне отырып, сүт өңдеу кәсіпорындары сүт өнімдерін өндіруге болашақ шикізат ретінде сары майды жазда сатып алады. Шикізат бағасы да үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, соңғы екі жылда сүт шикізаттың бағасы 61 пайызға өсті, сәйкесінше сары майдың шикізаттық өзіндік құны 45,5 пайызға артты.
«Тек сатып алынған сары майға субсидия жасау сүт өңдеу кәсіпорындарын өндіріс үшін жаздағы артық сүтті сатып алу мүмкіндігінен айырады. Қайта өңдеушілердің өнімді дайындау және оны кейінірек сату үшін маусымда сатып алуға қаржылық мүмкіндігі болмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияның басты мақсатын ұмытып кеткен сыңайлы, басты мақсат – май өндірісін ұлғайтуды ынталандыру, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және отандық өнімді тек сөрелерде ғана емес, сонымен қатар шикізат түрінде де ұстау емес пе. Сондықтан біз субсидиялау ережесін өзгертпеуді, бақылау тетігін жетілдіруді ұсынамыз», – дейді одақ басшысы.
Соңғы кезде бұған тағы бір түйткіл қосылды. Өндірушілердің айтуынша, Ресейден келетін қаптама бағасының өсуіне байланысты сүт бағасы қымбаттай түскен.
«Біріншіден, қаптама қымбаттады. Қаңтар мен қазіргі кезді алсақ, сүт қаптамасы 135 пайызға көтерілді. Қаймақ қаптамасы 100 пайызға қымбаттады. 2021 жылдан бастап электр энергиясы мен су құны 20 пайызға өсті», – дейді «Текелі» зауытының директоры Денис Дё.
Қалай болғанда да шикізат базасының азаюына байланысты елде сүт өнімдерінің өндіріс көлемінің төмендеп тұрғаны рас.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, отандық сүт зауыттарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету және сүт бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай азайту үшін биыл өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын салу мақсатында 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
«Келесі жылдары жоспарда қосымша 50 тауарлы-сүт фермасын салу бар, оған 113 млрд теңге қаражат қажет», – дейді Е. Қарашөкеев.