Мырзағалиев шетелдік инвесторларды Каспий маңындағы игерілмеген мұнай кен орындарын барлауға шақырды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Мырзағалиев шетелдік инвесторларды Каспийді барлау шақырды / primeminister.kz және shutterstock

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев АҚШ-та өткен CERAWeek энергетикалық конференциясында халықаралық компанияларды Каспий маңындағы игерілмеген мұнай кен орындарын барлауға шақырды.

ҚазМұнайГаздың дерегінше, 18 наурызда Мырзағалиев конференцияда компанияның геологиялық барлауды жандандыру бағытындағы жоспарлары туралы айтып берді. Сонымен қатар компанияның елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында заңнаманы өзгертуге қатысты белсенді жұмыс атқарып отырғанына тоқталды. Қазақстан мұнай-газ секторында үлкен инвестициялық мүмкіндіктер ұсынатынын атап өткен.

«Біз халықаралық компанияларды Каспий теңізінде құрлық пен қайраңдағы жобаларды жүзеге асыруға серіктес ретінде қарастыруға дайынбыз», — деді Мырзағалиев.

Ол Қазақстанның көмірсутек ресурсы үлкен потенциалға ие екенін, ал Каспий маңы бассейнінің қоры әлі де игерілмегеніне назар аударды. Қазақстан Үкіметі мұнай-газ секторына шетелдік инвестицияларды тартуды жалғастыруға ниетті екенін айтты. 2023 жылдан бастап геологиялық барлау және газ жобалары үшін тартымды салық және нормативтік-құқықтық преференциялар (Жақсартылған модельдік келісімшарт) енгізілгенін атап өтті.

«Бұл өзгерістер инвесторлар үшін мұнай-газ кен орындарында барлау және игеру жұмыстарын бастау үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. 2023 жылы 6 ақпанда Қазақстанда «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жобасы бойынша көмірсутектерді өндіруге арналған, ЖМК шарттарына негізделген алғашқы келісімшартқа қол қойылды, жоба стратегиялық серіктеспен бірлесіп іске асырылатын болады», — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Мырзағалиев сөз сөйлеген сессияға Eni, Schlumberger и Woodside Energy басшылары да қатысты. CERAWeek — S&P Global ақпараттық-талдау компаниясы жыл сайын Хьюстон қаласында (АҚШ) өткізетін энергетика мәселелеріне арналған ең ірі конференция. Биыл CERAWeek 2024 көп өлшемді, аса жылдам және көп түрлі энергетикалық ауысу стратегияларын зерттейді. Конференция әлемнің түкпір-түкпірінен энергетикалық компаниялардың басшылары мен өкілдері, саясаткерлер, энергетика, қаржы, экология саласының сарапшылары және басқа да делегаттарды жинаған.

Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтуді тапсырғанын жазған едік. Президент ҚМГ басшысына мұнай экспортының бағыттарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді міндеттеді.

Президент ҚМГ-ның мұнай-газ химиясын дамытуға бағытталған жұмысына ерекше мән беру қажет деп санайды. 

«Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортының бағыттарындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Президент ұлттық компанияның мұнай-газ химиясын дамытуға бағытталған жұмысына ерекше мән беру қажет екенін айтты»,– делінген Ақорда хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз