Мөлшерлемесі 7%-дық жаңа ипотека қашан іске қосылады?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Жаңа ипотека 1 мамырда іске қосылады / Фото: kursiv.media

2024 жылдың 1 мамырында жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Бағдарламаның мөлшерлемесі 7%. Оған 300 миллиард теңге бөлінеді. Жоба операторы «Отбасы банк» болады.

Әзірге бағдарламаның нақты шарттары айтылмады.

Белгілісі:

7% мөлшерлеме азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына арналады. Олар: көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі барлар және т.б.

Өзге қазақстандықтар үшін 9%. Алматы мен Астанада несиенің ең жоғары сомасы 30 миллион теңгені құрайды. Қалған аймақтарда – 18 миллион теңге.  

Астана, Алматы, Шымкент және 17 қала – облыс орталықтарында жаңа баспана сатып алуға болады.

Олар: Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Қонаев, Павлодар, Петропавл, Семей, Жезқазған, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен.

Барлық қалған елдімекендерде кез келген тұрғын үйді сатып алуға болады. Яғни жаңа, қайталама нарықтан, соның ішінде жеке үйлер бар.

Осылайша, ипотека тек моноқалаларға ғана емес, Қазақстанның барлық елдімекендеріне арналады.

Еске сала кетсек, 15 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында үкіметке Қазақстанда, оның ішінде ауылдар мен облыс орталықтарының тұрғындары үшін жаңа қолжетімді ипотека әзірлеуді тапсырған болатын.

Ал 18 наурыз күні Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жаңа ипотека туралы ақпаратпен бөлісті.

Атап айтқанда:

  • Оған 300 миллиард теңге бөлінеді;
  • Бірінші жылы 12 мың отбасы несие ала алады. Ипотека мерзімі әлі белгісіз.

Қатыса алатындар:

  • жұмыс істейтін жастар;
  • жас отбасылар;
  • тұрғын үй төлемдерін алушылар;
  • «Отбасы Банкінің» салымшылары;
  • моноқалалардың, облыс орталықтарының, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің тұрғындары.

Көрсетілген шарттар (әлеуметтік осал топтарға арналған 7%-ды қоспағанда) «Отау» ипотекасына ұқсайды.

Еске сала кетсек, 1 наурызда «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Отбасы банк баспасөз қызметі хабарлады.

«Отау» бағдарламасының шарттары:

Алғашқы жарна – 20%-дан бастап;

Кредит бойынша мөлшерлеме – жылдық 9% (ЖТСМ 9,2% бастап).

Несие мерзімі – 19 жылға дейін.

Бұған дейін 2023 жылдың қараша айында «Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама талқыға түсіп жатқаны туралы айтты. Жобаға «Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады.

Сондай-ақ оқыңыз