30 наурыздан бастап, Армения ресейлік «Мир» төлем жүйесімен жұмыс істеуді тоқтатады. ВТБ банкінің еншілес ұйымдары ғана бұл жүйе бойынша жұмысын тоқтатпайды.
«30 наурыздан бастап пайдаланушылар POS-терминалдарда қолма-қол ақшасыз төлем жасай алмайды және республикадағы басқа банктердің банкоматтарынан қолма-қол ақша ала алмайды. Бұл ВТБ карталарының жұмысына ешқандай әсер етпейді», – делінген Армениядағы ВТБ банкінің хабарламасында. Банк «Мир» карталарына толық көлемде қызмет көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеген.
ВТБ банк хабарламасында «Мир» төлем жүйесінің карталарымен банкоматтардан қолма-қол ақша алу, онлайн-банкингтегі қызметтерге ақы төлеу, онлайн сатып алулар сынды негізгі қызметтердің жұмысы қолдетімді болып қалатыны айтылған.
Өз кезегінде Ресейдегі «Мир» операторы шетелдік серіктестерімен жұмысты шектемейтінін, бұл жүйемен жұмыс істеу туралы шешімдерді дербес банктер өздері қабылдайтынын хабарлаған.
Айта кетсек, «Мир» төлем жүйесінен біртіндеп Қазақстан банктері де бас тартып жатыр. Мәселен бірнеше күн бұрын Bereke bank «МИР» төлем жүйесінің карталарымен операциялар тоқтатылатынын хабарлады. Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Bereke Bank-тің POS терминалдарында енді ресейлік «МИР» төлем жүйесіне тиесілі карталарға қызмет көрсетілмейді. Банк бұл төлем жүйесімен жұмыс істеуді 17 наурыз күні тоқтатты.
Ал оның алдында Freedom Finance банкі де «МИР» төлем жүйесімен операция жүргізбейтінін хабарлаған.
«Freedom Banker-ден МИР картасынан немесе кері аударымдар енді қолжетімсіз. Сол үшін телефон арқылы немесе Цифра Банк арқылы төлем жүргізуіңізге болады»,- деп мәлімдеді Freedom Finance.
23 ақпанда АҚШ Ресей Федерациясының Орталық банкіне тиесілі «Мир» операторы саналатын Ұлттық төлем карталар жүйесіне қарсы санкциялар енгізді.
«Ресей Қырымды тартып алған соң, көп ұзамай іске қосылған «Мир» жүйесі «санкцияларды айналып өту және халықаралық қаржы жүйесімен үзілген байланыстарды қалпына келтіру үшін пайдаланылып келді», – деп хабарлады АҚШ-тың Қаржы министрлігі.
Ресейдің Ұлттық төлем карталар жүйесі бұл санкциялардың ел ішіндегі төлем қызметтеріне еш әсер етпейтінін мәлімдеген. Алайда олай болмай шықты.
Еске сала кетсек, былтыр Қазақстанда ресейлік «Мир» төлем жүйесінің пластикалық карталарына сұраныс артты. Осыған байланысты Қазақстандағы ВТБ банк ресейлік төлем жүйесінің пластикалық картасын шығара бастады. Банк «Мир» цифрлық төлем жүйесін 2022 жылы желтоқсан айында қосқан.