Қазақстан TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеп жатыр. Осы орайда үкіметте желіні ұлттық ерекшеліктерге сай бейімдеу мақсатында арнайы жұмыс кеңестері өткізіледі. Бұл жайлы депутаттардың сауалына берген жауабында Роман Скляр айтты.
«TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибе зерттелуде. Бірқатар батыс елдері оны пайдалануды бұғаттау немесе шектеу бойынша шаралар қабылдауда. Осыған байланысты интернет-ресурстар мен онлайн-платформалардың өкілдерімен бірлесіп, біздің ұлттық ерекшеліктеріміз бен қажеттіліктерімізді ескере отырып, оларды бейімдеу бойынша жұмыс кеңестерін өткізуде»,- дейді Роман Скляр.
Ол сонымен бірге осы наурыз айында TikTok және Meta өкілдерімен онлайн-кездесу жоспарланып отырғанын, онда онлайн платформаларда жалған ақпаратқа тыйым салу және орналастыру, сондай-ақ оларды жою бойынша онлайн-платформалардың иелеріне қойылатын жаңа талаптар талқыланатынын айтты.
Ал TikTok желісінің өзіне келер болсақ, Роман Скляр 2023 жылы Қазақстанда «ByteDance» компаниясына тиесілі TikTok ресми өкілдігі ашылғанын, TikTok платформасының барлық пайдаланушылары үшін халықаралық құқықтық нормаларға негізделген бірыңғай ережелер мен стандарттар қолданылатынын айтады.
«TikTok платформасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және пайдаланушыларды заңсыз контенттен қорғау үшін арнайы «Шағым» қосымшасы бар. Пайдаланушылар өтініш беру себебін көрсетеді содан кейін TikTok командасы контентті мұқият талдайды және материалды жоюды қоса ала отырып шараларды қабылдайды. Бұдан басқа, ақпарат саласындағы уәкілетті органның ресми сайтында «интернет контентіне шағымдану» арнайы сервисі құрылды, онда келіп түскен барлық шағымдар бойынша жедел түрде орналастырылған материалдарға құқықтық бағалау жүргізіледі және материалды бұғаттау немесе жою жөнінде шаралар қабылданады»,- дейді премьер-минстрдің орынбасары.
Еске салсақ, депутат Алишер Сатыбалдиев Tik-tok платформасы балалардың тәрбиесіне теріс әсер ететінін айтып, Бектеновке сауал жолдады. Өз сауалында ол Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұраған болатын.
Сатыбалдиев Tiktok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін айтап өтті. Бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеген ол, күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын айтты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді.
«Бұл мәліметтерге немқұрайлы қарамаған елдер қауіпсіздік қамын жасап Tiktok синдромының теріс әсеріне қарсы тұру үшін барын салып жатыр. Еуропа мемлекеттерінің бірқатар елінде жүргізілген арнайы тексерістер нәтижесінде платформада балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіндігі анықталып, Еуроодақ тарапынан желіге қатысты 368 млн доллар шамасында айыппұл салынған. Ал АҚШ – 5 млн доллар, Нидерланды – 750 мың еуро, Ұлыбритания – 15 млн еуро көлемінде айыппұл салған. Көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан желіні өз аумағында толық бұғаттап құтылды», – дейді Сатыбалдиев.
Депутат басқа елдердің тәжірибесіне сүйеніп, бұл желіге шектеу қойылмаса, балалардың болашағына қауіп төнетінін айтады.
Айта кетейік, осыған дейін Ұлыбритания мемлекеттік қызметкерлерге қауіпсіздік мақсатында жұмыс телефондары мен құрылғыларында TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салды.
Сонымен бірге АҚШ конгрессмендеріне TikTok қолданбасын пайдалануға тыйым салынды.