Алматының Алмалы аудандық соты «қаңтар» оқиғасы кезінде азаптау әдісін қолданған үш полиция қызметкеріне үкім шығарды.
Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокурорлары тергеді. Прокурорлар 2022 жылғы 9 қаңтарда Алмалы аудандық полиция басқармасында жеткізілген 3 азаматқа қатысты кінәлі полицейлер азаптау қолданғанын дәлелдеді.
«Олар заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде үш жәбірленушіге тән азабын келтірген», – делінген хабарламада.
Сот үкімімен үш сотталушы арнаулы атақтары мен мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, оларға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, аталған адамдар сот залында қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Талдықорған қаласының соты Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау фактілерін қолданған бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты үкім шығарғаны туралы жазған едік. Бұл туралы Жетісу облысының прокуратурасы хабарлады.
Қылмыстық істі Жетісу облысының арнайы прокурорлары тергеп-тексерді.
«Мемлекеттік айыптаушылар 2022 жылғы 5-16 қаңтар аралығында Алматы облысы полиция Департаментінің ғимаратында кінәлі тұлғаларға қатысты дене зорлық-зомбылықпен қатар, тергеудің тыйым салынған әдістерін жасағаны дәлелденді», – делінген хабарламада.
Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жеті жәбірленушіге әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттары келтірілген.
«Сот үкімімен үш сотталушы 4 жылдан 6 жылға дейінгі бас бостандығынан айырудың әртүрлі мерзімдеріне сотталып, олардың біреуі бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға тартылды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі емес, төңкеріс деп бағалаған еді.
«Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт. Мен 2019 жылы президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды. Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», – дейді президент.
Мемлекет басшысының пікірінше қаңтарға «төңікерісшілер» жарты жыл бұрын дайындалған. Сұйытылған газдың бағасын көтеру де еш негізсіз болған.