Қытайға жеңілдетілген тәртіппен жүк тасымалдау 2025 жылға дейін ұзартылады
Қытайға жүк тасымалдаудың жаңа тәртібі енгізілді. Қазақстан отандық тасымалдаушыларға шет мемлекеттің аумағы арқылы жүруге рұқсат беретін пилоттық жобаның мерзімін ұзартты.
Еске сала кетейік, ҚР көлік, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және қаржы министрлігінің бірлескен жобасы 2023 жылдың 19 сәуірінен бастап жүзеге асуда.
Осы бастаманың арқасында Қытайдан тауарларды кедергісіз және алыпсатарларсыз өткізу мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді. Бұл логистикалық операторлар арасында оң пікір туғызып отыр.
«Осы бірлескен бұйрық күшіне енген сәттен бастап көлік құралдарының шығу фактісі бойынша тікелей өткізу пункттерінде 113 мың бланк және бланкілерді қайта сату мүмкіндігі 100% алынып тасталды. Мұны адал тасымалдаушылар жоғары бағалады. Осыған байланысты бірлескен бұйрықты 2025 жылғы 1 маусымға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды», – делінген мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Шетелдік рұқсат бланкілерін берудің дәл осындай тетігі Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өткізу пункттерінде де енгізіледі. Бұл ретте өзбек бланкілері электрондық форматта берілетін болады.
«Сонымен қатар 2024 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы өткізу пункттерінде берілетін рұқсат бланкілерін электронды форматқа ауыстыру жоспарлануда. Өз кезегінде, мемлекеттік шекарада берілетін, пайдаланылған шетелдік рұқсат бланкілерін қайтаруға болмайды», – деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті.
Айта кетейік Көлік министрлігі қазақстандық халықаралық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат бланкілерін шектеусіз беруді ұсынды.
Мұндай бұйрық жобасы «Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдауларында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 353 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Бланкілерді бөлу жүйесінің алгоритмі белгілі бір мемлекетке олардың жұмыс жолын ескере отырып, жекелеген тасымалдаушыларға жыл бойына құжаттардың белгілі бір санын бекітуді көздейді. Осылай, бұрын жасалған жүйе бәсекелестікті шектеу үшін жағдай жасайды. Бұл ретте қолданылмай қалған рұқсат бланкілерінің артылып қалуы байқалып, олар жыл соңында жүйеге қайтарылады. Мәселен, 2023 жылы пайдаланылмаған бланкілердің 53%-ы қайтарылған, – делінген хабарламада.
Бұған қоса қолданыстағы әдістемеге сәйкес, шетелдік рұқсат бланкілері тасымалдаушыларға 100 күнтізбелік күн мерзімге бос форматта беріледі. Бұл тәсіл көлеңкелі нарықта алыпсатарлық бағамен бланкілерді қайта сатуға қолайлы жағдай жасайды.
Қазақстан әлемнің 42 елімен автокөлік арқылы халықаралық жүк тасымалдайды. Оның 40 елі рұқсат беру жүйесін көздейді. 2023 жылы осы мемлекеттермен 270,8 мың шетелдік рұқсат бланкілерін алмасқан.
Биыл Қазақстан мен Қытай арасында темір жолмен 27,8 млн тонна жүк тасымалданады. ҚР мен ҚХР 2024 жылы жүк тасымалдау көлемін келісті. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық.
«2024 жылғы қаңтардан бастап қытайлық тарап Алашаңқай станциясы бойынша астық тасығыштарда, жабық вагондарда және контейнерлерде астық жүктерін қабылдауды екі есе арттырады. Қазақстандық тарап өтініші бойынша ҚХР алғаш рет Қорғас станциясы бойынша астық тасығыштар мен жабық вагондарда астық жүктерін қабылдауды бастайды. Сондай-ақ, қазақстандық экспорттаушылардың тілектері ескеріледі. Өсімдік майы, металл кендері (түйіршіктер, концентраттар), мұнай коксы сияқты жүктерді қабылдау ұлғаяды», – делінген хабарламада.