Қаржы министрі Ұлттық қордан балаларға берілетін қаражат көлемі 100 доллармен шектелмейтінін жеткізді
Қаржы министрі Мәди Тәкиев Ұлттық қордан балаларға берілетін төлемдердің көлемі қандай жағдайда ұлғаятынын түсіндірді.
Министр биылдан бастап Ұлттық қор кірісінің жартысы 18 жасқа дейінгі балаларға беріле бастағанын еске салды.
«Биыл алғаш қадам жасалып, 6,9 миллион бала 100,52 доллардан алды. Өйткені Ұлттық қордың кірісі 1,3 миллиард долларды құрады. Оның жартысы – 695 млн доллар, осы қаражат бөлінді. 2024 жылы 18 жасқа толған, не толатын балалар саны – 304 815. 1 наурыздағы жағдай бойынша айтатын болсақ 30 миллион 640 мың доллар көлемінде ақша берілді. Ұлттық қордың кірісі өскен сайын балаларға төленетін төлемдер де ұлғаяды. Бүгінде Ұлттық Қордың көлемі артуда, оны 100 миллиард долларға дейін жеткізу туралы мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Тиісінше, пайыз да әлдеқайда жоғары болады. Бүгінде қор 60 миллиард долларды құрайды», – деді Тәкиев.
Мәди Тәкиев балаларға төленетін ақшаның ең жоғары мөлшері 100,52 доллар көлемінде қалып қоймайтынын айтты.
Қордан төленетін ақша үнемі 100,52 доллар болмайды, бұл сөзсіз. Мен қазір ең жоғары шегін айта алмаймын, көріпкел емеспін. Бірақ одан да көп болады деп үміттенеміз», – деп жауап берді министр.
Айта кетейік бұл қаржы Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында болады. Есепшоттағы қаржыны депозитке салуға немесе уақытынан бұрын шешіп алуға мүмкіндік жоқ.
БЖЗҚ баспасөз қызметінің kursiv.media-ға берген жауабына сәйкес, осы қаржының инвестициялық табысы қаржы нарығының және инвестицияланған қаржы құралдарының жағдайына байланысты болады.
Сондықтан «инвестицияланған қаржы мынанша инвесттабыс әкеледі» деп нақты айту қиын. Есептелген табыс баланың есепшотына автоматты түрде түседі.
2006 жылдан кейін дүниеге келген бүкіл бала 18 жасқа толғанша, жыл сайын Ұлттық қор инвестициялық кірісінің 50 пайызын алып отырады. Бар балаға есепті жыл үшін бірдей сома есептеледі. Оны кәмелеттік жасқа толғандар білімге немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, бұл жобаға туғаннан қатысқан бала 18-ге толғанша, оның есепшотында 3,5 мың доллар жиналуы тиіс.
«Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі»,– делінген қор хабарламасында.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылған алғашқы тоғыз күнде БЖЗҚ-ға мақсатты жинақтарды алуға 100-ге жуық өтініш келіп түскен.
«2024 жылы 18 жасқа толған 304 815 баланың БЖЗҚ-дағы мақсатты жинақ шоттарына әрқайсысына 100 доллардан түскен. Олар кәмелеттік жасқа толған бойда мақсатты жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім беру ақысын төлеуге жұмсауға құқылы», – деді «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов.
Оның айтуынша, қаржы көлемі Ұлттық қордың ұлғаюы мен инвестициялық кірістің түсуіне байланысты жыл сайын өсетін болады.
Осылайша, бағдарлама жүзеге асырыла бастаған тоғыз күн ішінде БЗЖҚ-ға 100-ден астам өтініш келіп түсті. Оның 54-і білім беру ақысын төлеу, 49-ы тұрғын үй жағдайын жақсартумен байланысты. Өтініштердің 63-і орындалды. Уәкілетті операторларға белгіленген банк шоттарына төлемдер жүргізілді. 21-і қарастырылып жатыр, 19-ы қабылданбады.