Жаңалықтар

Маңғыстауда газ құбырынан өрт шығып, жарылыс болды

Маңғыстау облысында газ құбыры желісінде өрт шығып, жарылыс болды / Фото: видеодан кадр

Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында магистральдық газ құбырында өрт шығып, жарылыс болды. Жарылыс аудан аумағындағы «ИнтергазОрталықАзия» АҚ-ның САЦ-4 магистральды газ құбырының бойында болған.

«18 наурыз күні түнгі сағат 23:00 минут шамасында Бейнеу ауылындағы «ИнтергазОрталықАзия» АҚ-ның САЦ-4 магистральді газ құбырының поршеньді жіберу торабында өрт болды. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Өрт толықтай сөндірілді. Қазіргі таңда жарылыстың себебі анықталып жатыр», – деді Маңғыстау облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Өрттің тұтанған сәтін куәгерлер видеоға түсіріп алған.

Ал «QazaqGaz» компаниясының хабарлауынша, газ тасымалдау нысандарына залал келмеген.

«Зардап шеккендер жоқ, газ тасымалдау нысандарына залал келмеген, жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр. Өрт халықты газбен қамтамасыз ету және газды тасымалдау жұмыстарына кедергі келтірмеді. Өрттің шығу себебі анықталуда», –делінген компания таратқан хабарламада.

Айта кетейік, «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы магистральды және аймақтық тасымал саласындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі нарығында табиғи газ бен мұнайды өткізу саласындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Мемлекеттік бағдарламалармен қатар «Интергаз Орталық Азия» АҚ газ және мұнай кен орындарын қазу, өндіру және пайдалануды, оларды сақтау мен өңдеуді, халықаралық және ішкі маршруттар бойынша тасымалдауды іске асырады.

Осыған дейін, «Интергаз Орталық Азия» ұйымы «Ақтөбе – Қостанай» магистральдық газ құбырын жобалауды 2024 жылдың I тоқсанында аяқтайтынын жазған едік. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлаған.

Жоба бойынша ұзындығы 600 км-ден астам газ құбыры және КС-14 базасында компрессорлық станцияларды салу көзделіп отыр. Жобаның құны техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу қорытындылары бойынша айқындалады. Ақпаратқа сәйкес, жобаланатын газ құбырын «Сарыарқа» магистральдық газ құбырымен қоршау мүмкіндіктері зерделеніп жатыр. Ол газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін құру үшін маңызды екені хабарланған еді.