Бас прокуратура «Қаңтар оқиғасына» қатысты бұрынғы Ішкі істер министрінен жауап алған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Бас прокуратура «Қаңтар оқиғасына» қатысты бұрынғы Ішкі істер министрінен жауап алған / коллаж kursiv.media

Қазақстан Бас прокуратурасы «Қаңтар оқиғасына» қатысты істі тергеу барысында бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан жауап алғанын растады.

Бас прокуратура бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты және полиция органдарының басқа да басшыларын қылмыстық қудалау туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

Ведомство ақпаратына сүйенсек, 2022 жылдың басынан бастап Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, азаматтарға азаптауды қолдануға байланысты күш органдарының қызметкерлеріне қатысты тергеп-тексерулерді жалғастырған.

«Оларды жасағаны үшін соттармен облыстық полиция және ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар басшылары мен қызметкерлері сотталды. Жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер шеңберінде бұрынғы Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтан жауап алынды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Бас прокуратура Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау жағдайында ұсталған азаматтарға азаптауды қолдану туралы іс бойынша дәлелдер жинаған. 2024 жылдың 16 наурызында осы қылмысты жасағаны үшін Қарасай ауданының арнайы қабылдау орыны және полиция басқармасының бұрынғы басшылары қамауға алынған.

Бұдан бөлек, қызметтік атыс қаруын ұрлау фактілері бойынша Талдықорған қаласы полиция басқармасының бұрынғы басшылығына қатысты тергеп-тексеру жалғасқан.

«Қаңтар оқиғасынан» кейін қамауға алынған лауазымды тұлғалар

Осыған дейін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіштің 8 жылға шартты мерзімге сотталғанын растаған еді.

Астана сотының мәліметіне сүйенсек, Самат Әбіш «кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген». Сот оны 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол кінәлі деп танылған бап негізінде пробациялық бақылау белгіленген.

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған  ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.  ҰҚК Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық істі тергеуді 2022 жылдың тамызында аяқтаған. 

2023 жылдың сәуірінде сот үкімі шығып, оған 18 жылға бас бостандығынан, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз