Ресей президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевты қабылдады.
Кездесу Ресей Федерациясындағы президенттік сайлаудың нәтижелері жарияланғаннан кейінгі күні өткен. Сағынтаев Путинді сайлаудағы жеңісімен құттықтаса, Путин Сағынтаевты жаңа қызметімен құттықтаған.
Кремль ақпаратына сүйенсек, кездесуде Путин Сағынтаевтан ЕАЭО елдерінің экономикасын БРИКС елдерімен бірлескен жұмысқа қалай қосу керектігін ойластыруды сұрады.
«Ресей биыл БРИКС-ке төрағалық етеді. ЕАЭО-дағы өзге елдер бұл бірлестікке мүше емес. Бірақ мен біздің ұйымдағы әріптестеріміз БРИКС елдерімен бірлесіп жұмыс істеуге және ЕАЭО экономикасын осы жүйеге қалай қосуға болатынын ойланып, осы бағыттағы жұмыс істеуді ұсынамын, тіпті өтінемін», – деді Путин.
Оның айтуынша, барлық ел (Ресей, Қазақстан, Беларусь) БРИКС-ке мүше елдермен қандай да бір түрде ынтымақтықты қалыптастырып, көптеген қызықты жобалар мен даму бағыттарына жасауы мүмкіндігі бар.
«ЕАЭО-дағы елдердің мүдделерін ескере отырып, Ресей атынан БРИКС-ке қолайлы жоба ұсынсақ жақсы болар еді. Осы бағытта жұмыс істеуді өтінемін», – деді Путин.
Өз кезегінде Бақытжан Сағынтаев бұл мәселеге қатысты жұмысты бастауға уәде берді.
Қазақстан және БРИКС
БРИКС-ке қосылуға 23 ел ресми өтініш жасаған. БРИКС бірлестігіне кіргісі келетіндердің арасында Қазақстан да болды. Еліміз одаққа қабылданбады. Алайда Қазақстан мен БРИКС елдері арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 50 млрд доллардан асты.
БРИКС (BRICS — Brazil, Russia, India, China, South Africa) – әлемдегі ірі сауда-экономика бағытындағы мемлекетаралық бірлестік. Қазір құрамында 9 мемлекет бар: Бразилия, Ресей, Үндістан, ҚХР, Оңтүстік Африка, БАӘ, Иран, Мысыр және Эфиопия. Ұйым 2006 жылы Петербор Экономикалық форумында Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай экономика министрлерінің қатысуымен құрылды.
2023 жылдың желтоқсан айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Бақытжан Сағынтаевтың жаңа қызметке тағайындалатыны белгілі болған. Бұл туралы отырыс барысында Ресей президенті Владимир Путин айтты. Сағынтаев 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы қызметіне кірісті.