Қазақстанның дүкен сөрелерінде неліктен ресейлік өнімдер көп – Сауда министрлігі түсіндірді

Жарияланды
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше өңірлерде отандық өнім үлесі 90 пайыздан асады / Фото: shutterstock

Қазақстан дүкендерінде ресейлік тауарлардың үлесі көп. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында журналистер Сауда және интеграция министрлігінің өкілдерінен мұның себебін сұрады.

«Елімізде ресейлік тауарлар саны артқан. Біздің дүкен сөрелеріміздегі өнімдердің жартысына жуығы Ресейден келеді. Оларлың бағасы да арзан. Мамандар пікірінше мұндай баға айырмашылығы отандық өндірушілерге зиянын тигізеді. Олар мұндай бағалармен бәсекелесе алмайды. Кейбір деректерде отандық тауарлар өнімі 38%-ға дейін түсіп кеткені айтылады. Өткен жылы 2 қант зауытының жұмысы тоқтап қалған еді. Бұл мәселені қалай шешесіздер?», – деп сұрады журналист.

Өз кезегінде Сауда және және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев сөрелерде кейбір өнім түрлері бойынша ғана импорттық тауарлар үлесі басым екенін айтты. Айтуынша жаппай қолданыстағы өнімдері бойынша отандық өнім үлесі 90 пайыздан асады.

«Біз Қазақстанның шекара маңындағы өңірлерді аралап көрдік. 4 өңірде болдық. Жаппай тұтынылатын тауарларды алатын болсақ, мұндағы отандық өнім үлесі айтарлықтай көп. Сүт, шұжық сынды өнімдердің 90-95 пайызы отандық өдірушілердікі. Бірақ жекелеген тауар түрлері бойынша отандық өнім үлесі аз екені рас. Мәселен, ірімшік өнімі. Бұл өнім бойынша бізде өндіріс соншалықты дами қоймағаны себепті импортты ірімшік үлесі басым. Алайда осындай жекелеген тауарларға қарап, дүкен сөрелеріндегі импорттық өнімдер үлесі артып кетті деу дұрыс емес», – деп қайырды Елікбаев.

Ол сонымен бірге отандық өнім үлесін арттыру бойынша мемлекет тарапынан кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын, ал елге кіретін өнімдер жіті қадағаланатынын айтты.

«Жалпы бұл саланы дамыту үшін мемлекет кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, мемлекет субсидия беріп, отандық өндірушілерге қолдау көрсетеді. Ал импортты қадағалау мақсатында өткен жылы ахуалдық штаб құрылды. Барлық қадағалау органының күш бірікітіріліп, заң негізінде ипорттық тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеруді қолға алды. Бірінші кезекте кейбір жекелеген импорттық тауарлардың елге кіруіне шектеу қойылды. Естеріңізде болар, көрші елдің кейбір сүт өнімдерінен кемшіліктер анықталып, кіргізуге тыйым салынды. Сонымен бірге күшейтілген лабораториялық тексеру режимі енгізілді. Қазіргі таңда шетелден кіретін балға тексеру жүргізіліп жатыр. Егер мұндай өнімдерден кемшілік анықталса, олардың елге кіруіне тыйым салынады», – деді министрлік өкілі.

Еске сала кетсек, Сауда және интеграция министрлігі өткен жылдың шілде айында Ресейдің 5 кәсіпорнының 13 түрлі сүт өнімдерінің сапасы стандартқа сай келмейтінін мәлімдеді. Министрлік импорттық өндірушілердің сүт өнімдерінің 19 атауынан май-қышқыл құрамы бойынша сәйкессіздіктерді анықтаған.

Ал өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Ресейдің 8 кәсіпорнына ел аумағына сүт өнімдерін әкелуге тыйым салды. Бұл жайлы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтқан болатын.

«Сапасы төмен импорттың жоғары қысымы отандық өндірістің жағдайына және тұтынушылардың құқығына кері әсер етеді. Биыл министрлік жанынан барлық бақылаушы мемлекеттік органдардың қатысуымен ахуалдық штаб құрылды. Бірлескен алгоритмді пайдалана отырып, импорттық сүт өнімдерінің үлгілері іріктелді. Сегіз кәсіпорынға күшейтілген зертханалық бақылау енгізілді. Импорттық өнімді ел аумағына әкелуге шектеу енгізіліп, сәйкестікті растайтын 67 құжаттың күші жойылды», – деді министр.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде азық-түлік өнімдеріне зертханалық бақылау күшейтіліп, қауіпті өнімдерді саудадан шығару ережесі өзгереді.

Белгілі болғандай, бұл салада бірқатар шектеу бар. Себебі зертханалық база жеткіліксіз. Салдарынан бірқатар антибиотиктерге, пестицидтерге, генетикалық түрлендірілген ағзаларға сынақ жүргізу мүмкін емес. Бұдан бөлек қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексінде сақтық сипатындағы шаралар қарастырылған. Құжатта қауіпті өнімдерге және оларды нарықтан шығаруға қатысты норма жоқ. Олқылықтың орнын толтыру үшін арнайы бақылау тәртібін құруға мүмкіндік беретін заңнамалық түзету енгізу қажет.

Сондай-ақ оқыңыз