Қарызын жабу керек – Бектенов ҚТЖ тарифтері не себепті көтерілетінін түсіндірді

Жарияланды (жаңартылды )
ҚТЖ тарифтерінің
Үкімет 2,9 трлн теңге қарызды жабу үшін ҚТЖ тарифтерін көтеруді жоспарлап отыр / Коллаж: kursiv.media

2023 жылы ҚТЖ ұлттық операторы 329 млрд теңге шығынға ұшыраған. Соның ішінде тау-кен саласының жүктерін тасудан келген шығын 172 млрд теңгені құраған. Бұл жайлы депутаттардың сауалына берген жауабында Олжас Бектенов айтты.

Депутаттар ҚТЖ тарифтерінің өсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, Бекткеновтен Ұлттық экономика министрінің «Тарифтерді белгілеу туралы бұйрығынының» қолданысын тоқтатуды сұраған. Бірақ премьер-министрі бұл шараның қажеттіліктен туындап отырғанын, әйтпесе жыл сайын ұлттық оператор шығынға бата беретінін мәлімдеген.

«2023 жылы ұлттық инфрақұрылым операторынан келген шығын көлемі 329 млрд теңге. Ол шығынның 172 млрд теңгесі тау-кен секторындағы жүктерді тасымалдаудан келген. Ал транзиттік тасымалдаудан түскен кіріс бірыңғай тарифпен қамтылмаған шығындарды өтеуге пайдаланылады»,– делінген үкімет басшысының жауабында.

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда экспорттық, импорттық және республикаішілік қатынастағы магистральдық теміржол желісінің қызметтеріне тарифтер бірыңғайланған. Ал транзиттік тасымалдау реттелмеген. Транзиттік тарифтер Қазақстан Республикасының тарифтік саясатына сәйкес белгіленеді.

Сонымен бірге Олжас Бекткенов Қазақстан Республикасының бірыңғай тарифі Еуразиялық экономикалық одақ пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен салыстырғанда ең төмен екенін айтқан.

«Біздің тарифтер Еуразиялық экономикалық одақ пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен салыстырғанда ең төмен. Атап айтқанда Ресей Федерациясынан – 2,2, Беларусьтен – 1,6 және Қырғызстанмен – 2,4 есе аз. Мұндай арзан баға шикізатты төмен теміржол тарифтерімен импорттайтын көрші ел өндірушілері үшін тиімді. сондықтан да баға орнатуға қатысты бұл шаралар ҚТЖ-ның қарыздық жүктемесін азайтуды қамтамасыз етуге оның ішінде тарифтік саясатты жетілдіру мақсатында әзірленді. Бастапқы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында тариф орташа және жоғары қосылған құны бар тауарларға әсер етпейтін болады», дейді Бектенов.

Еске сала кетсек, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткенін ҚТЖ АҚ басқармасы төрағасы Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Ол да қарыздан тарифтерді көтеру арқылы құтылуға болатынын айтқан.

«Қарыздан құтылудың бірінші жолы – тарифтерді көтеру. Өйткені бұл ақшаның басым бөлігі жаңа теміржол құрылысын салуға жұмсалды. Бірақ олардың инвестициялық бөлігі тарифке енгізілмеді. Екіншіден, қарызды капитализациялау есебінен қайтаруға болады. Егер Германия теміржолдарын мысал ретінде алатын болсақ, онда 40 млрд теңге капитализацияға жұмсалады. Егер мемлекет тарифтерді төмен ұстағысы келсе, оны субсидиялауы керек, болмаса тарифтерді көтеруі керек. Басқа жол жоқ», – деген болатын ҚТЖ басшысы.

Өз кезегінде Көлік министрі Марат Қарабаев та ҚТЖ тарифтерін көтеру керек деп санайды. Министрдің айтуынша тасымалданатын жүктердің 88 пайызы өзін-өзі ақтамайды. Сол себепті, компания тасымалдарды 300 млрд теңгеге субсидиялап отырғанын айтқан ол ҚТЖ-ның тарифтерін дифференциялауды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз