Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа тұрғын үйлер салына ма – премьер министр жауап берді

Жарияланды
Жемқорлардан алынған қаражатқа
Жемқорлардан алынған қаражатқа негізінен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады / Фото: kursiv.media

Жемқорлардан алынған қаражатқа әлеуметтік жобалардан бөлек тұрғын үйлер де салынуы мүмкін. Бұл жайлы депутаттарға берген жауабында ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов айтқан.

Депутаттар елдегі тұрғын үй тапшылығы мәселесін шешу үшін заңсыз иемденілген активтердің мемлекетке қайтарылған қаражатының бір бөлігін тұрғын үй құрылысына және жаңа үйлер сатып алуға жұмсауды ұсынған. Өз кезегінде үкімет басшысы бұл қаражатқа әлеуметтік жобалар салу жоспарланғанын, десе де халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тұрғын үйге жұмсау мүмкіндігі заң шеңберінде қарастырылатынын жеткізген.

Айтуынша, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан
Республикасының Заңын іске асыру шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі
Арнаулы мемлекеттік қор есебінен объектілер салуды және реконструкциялауды қаржыландыру үшін Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау тәртібі бекітілген.

«Қағидаларға сәйкес әлеуметтік жобаларға денсаулық сақтау, білім беру,
халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын, мүгедек адамдарды, жетім балаларды,
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, ауыл жастарын, жұмыссыздарды,
моноқалалар, ауылдық елді мекендер тұрғындарының мұқтаждықтары үшін
коммуналдық және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым объектілерін қолдау
саласындағы жобалар және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге
де жобалар жатады. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарына Қор есебінен қаражат болған жағдайда, тұрғын үйлер салуды қаржыландыру мәселесі заңнамада белгіленген тәртіппен қарастырылады», – делінген жауапта.

Депутаттар ұсынысы

Сонымен бірге депутаттар Республикалық бюджеттен кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй салу және сатып алу үшін қосымша қаражат бөлуді сұраған. Бектенов бұл мәселенің де назарға алынғанын, қосымша қаражат бөлу заңнамада белгіленген тәртіппен 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде және
2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын қалыптастыру
шеңберінде қарастырылатын атап өткен.

Үкімет басшысы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға беру мақсатымен тұрғын үй салу және сатып алу жоспарланғанын, бұл орайда нысаналы индикатор – жыл сайын 10 мың пәтер көлемінде болатынын атап өткен. Сонымен бірге 2024 жылға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарға 4 910 пәтер сатып алу үшін 66,8 млрд теңге сомасында шығыстар көзделген.

Бағалы қағаздар шығару арқылы тұрғын үй тапшылығын шешу

Депутаттар өз сауалында тұрғын үй тапшылығын азайтудың тағы бір тетігін ұсынған. Олар бағалы қағаздар шығару арқылы тұрғын үй салуға қаражат тарту
мәселелесін көтерген. Олжас Бектенов бұл бағыт бойынша да қажетті шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтқан.

«Тұтастай алғанда, 2024 жылға Мемлекеттiк бағалы қағаздар шығару есебінен кредиттік тұрғын үйлер салуға республика бойынша 10 мың пәтерге 109 млрд теңге көзделген. Мемлекеттiк бағалы қағаздар (МБҚ) шығару есебінен кредиттік тұрғын үйлерді қосымша салу мәселесі ЖАО-ның тиісті қаржы жылына белгіленген лимитін ескере отырып қарастырылатын болады», – деп жауап берген премьер-министр.

Тұрғын үй тапшылығы қалай шешіліп жатыр

Еске сала кетсек, өткен жылдың қараша айында депутат Елнұр Бейсенбаев баспанамен қамту қарқыны сол қалпы баяу екенін айтқан.

«Осы 3 жылға жуық уақытта кезекке тұрған адамдардың саны 480 мыңнан 640 мыңға өскен. Шамамен 200 мың адамға артып отыр. Бүтіндей бір облыстың халқына тең. Бұл көрсеткіш өкінішке қарай жыл санап өсіп жатыр. Осылай жалғаса берсе, алдағы бірнеше жылда кезекте тұрғандар саны 1 миллионнан асып жығылатын түрі бар. Ал мемлекет жыл сайын небары 9-10 мың ғана пәтер береді. Оған соншалықты көп қаражат бөлінбейді. Оған қоса, бүгінгі таңда елімізде бірде-бір мемлекеттік ипотекалық бағдарлама жоқ. Иә, заң жобасын жақсарттық делік, бірақ кезекте тұрған адамдардың мәселесі сол күйі шешілген жоқ. Менің ойымша мұндай тәсілмен шешіле қоюы екіталай. Сіз осы мәселені қалай шешуді ұсынасыз? Біз тұрғын үй саласына республикалық бюджет есебінен қаражат бөлу мәселесін қарастыра аламыз ба? Мүмкін жемқорлардан түскен қаражатқа әлеуметтік тұрғын үй салу керек шығар»,- деген болатын депутат.

Сонымен бірге Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сол мақсатта Отбасы банкімен бірлесіп, 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарлама іске қосылады.

Халыққа жеңілдетілген ипотекамен үй сатып алуға мүмкіндік беру мәселесін Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Ол Қазақстанда ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болатынын, ол үйлерді алатын әлеуметтік осал топтағы жандар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз