АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Intel компаниясына АҚШ-тағы чип өндірісін арттыру үшін шамамен 20 миллиард доллар грант пен несие беретінін мәлімдеді. Бұл туралы АҚШ-тың Сауда министрлігінің ресми сайты жазды.
«Алдын ала келісімде Intel компаниясына 8,5 миллиард доллар грант және шамамен 11 миллиард доллар несие беріледі. Бұл компанияның жартылай өткізетін чип өндірісін арттыруы керек. Қаражаттың бір бөлігі екі жаңа зауыт салуға және бұрыннан бар біреуін жаңартуға жұмсалады», – делінген сайтта.
Бөлінген қаражат Intel компаниясына зауыт қызметкерлеріне 10 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал құрылысшыларға тағы 20 мың жұмыс орны ашылады.
Сайттың жазуынша, АҚШ экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін чиптер АҚШ-та жасалғаны дұрыс.
Жетілдірілген чиптер планетадағы ең күрделі технологиялар үшін қолдагылады. Оның ішінде жасанды интеллектті дамыту және маңызды әскери әлеует жасау бар.
Еске салайық, былтыр чип өндіретін Arm IPO-ға шығаратын бір акциясының құнын 51 доллар деп бекіткен еді.
Бастапқыда компания бір акция үшін бағаны 52 доллар деңгейінде белгілегісі келгенімен, бірақ кейін 51 доллар деген шешімге келген.
Ұсынылған бағаға сүйене отырып, компанияның бастапқы ұсыныстағы бағасы 54,5 миллиард доллар болды. Тамыз айында SoftBank британдық чип өндірушідегі Vision Fund үлесін 64 миллиард долларға сатып алғаны хабарланды.
Айта кетейік, АҚШ Жаңа Huawei смартфондарында орнатылған чиптерді жіті тексеретін болды.
АҚШ Қытайдың өндірістік қадамдарынан сескеніп, өнімдеріне қатысты тексерісті күшейткенін хабарланды.
Жалпы, АҚШ Қытай өндірісін «тұқыртуды» бастағалы біраз болды. Сауда министрлігі кейінгі екі жылда Huawei мен Қытайдың жартылай өткізгіш өнеркәсібіне қарсы бірқатар шектеу енгізді.
Америкалықтар Mate 60 Pro смартфонында табылған «болжамды» 7 нанометрлік процессорын толық зерделеп, қосымша ақпарат алуды көздейді. Себебі – чиптің АҚШ-тағы «қара тізімге» енген Semiconductor Manufacturing International корпорациясы тарапынан дайындалуы.
«Біз болжамды 7 нанометрлік процессорының сипаты мен құрамы туралы қосымша ақпарат алу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді АҚШ сауда министрлігінің өкілі.