Бала асырап алғандардың 64%-ы балаларын кері қайтарған / Фото: elements.envato
Соңғы 5 жылда балалар үйіне кері қайтарылған жеткіншектердің саны 64%-ға өскен. Осындай дерек келтірген Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов елімізде асырап алынған балаларды қайтару дерегі артып жатқанын айтып, дабыл қақты.
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын талқылап жатыр. Заң жобасы аясында депутат Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдап, балалар үйінде жасалып жатқан заңсыздықтарды айтып берді.
«Заң жобасының атауында тек адам саудасы мәселесі реттелуі көзделген. Соның ішінде бесінші тарауды қарасақ, жетімдер мен ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларды қорғауға бағытталғаны туралы да жазылған. Қазақстанда бала асырап алғысы келетіндердің саны жыл сайын көбейіп жатыр. Бірақ асырап алынған балалардың балалар үйіне қайтару саны да азаймай, үнемі өсу үстінде. Мысалы, соңғы 5 жылда балалар үйіне қайтарылған балалардың саны 64 пайызға өсті», – деді депутат.
Ерболат Саурықовтың дерегінше , 2020 жылы 160 бала, 2021 жылы 197 бала, 2022 жылы 217 бала балалар үйіне қайтарылған. Депутат балаларды кері қайтару фактілерінің өсу себебін сұрады. Өйткені адам саудасына қатысты көп мәселе балалар үйіне тікелей қатысты екенін айтты.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан депутат келтірген мәліметтерді жоққа шығармады.
«Осы мәселеге байланысты министрлік дайындаған «Балалардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы Мәжілісте қарауда жатыр. Ол заңның аясында кәсіби асырап алушы отбасы институты енгізіліп жатыр. Осы институт мәселені шешуге септігін тигізеді деп ойлаймыз», – деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.
Бұған дейін Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі шетел азаматтары асырап алған балаларға қалауына қарай Қазақстан азаматтығын беруді ұсынған еді. Ол сондай-ақ 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу мәселесін көтерген еді.