Енді Қазақстан азаматтары жұбайының рұқсатынсыз банктен несие ала алмайды. Бұл мәселе Мәжіліс қабырғасында қаралды. Депутаттар «Кредит беру кезінде тәуекелдерді
барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екінші оқылымда қабылдап,
Сенат қарауына жібереді.
Депутаттар несие берудегі тәуекелдерді барынша азайту мақсатында заңнамаға енгізілген өзгерістерді талқылады. Заң жобасының негізгі мақсаты азаматтардың борыштық тәуекелдерін төмендету және проблемалық қарыздарын шешу бойынша шаралар қабылдау. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетігі де заңда қарастырылған.
Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға енді жұбайының келісімінсіз жеке тұлғаға банктік несие беруге тыйым салынады.
«Құжат банкке жұбайының келісімінсіз жеке тұлғаға несие беруге тыйым салуды көздейді. Бұл ретте келісім талап етілетін несиенің алу тәртібі мен ең төменгі мөлшері
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады», – деді мәжілісмен Берік Бейсенғалиев.
Заң авторларының айтуынша, бұл қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға септігін
тигізеді. Себебі қазақстандықтар кепілсіз несиелерді ықтимал салдарына қарамай
алуға құмартып кеткен.
«Осы мақсатта азаматтардың 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болса, оларға кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге, сондай-ақ қолданыстағы тұтыну несиелері бойынша 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым
салынды. Бірақ төлем карточкасы бойынша несиелік лимит 75 АЕК – 276 900
теңгеден аспайтын сомада пайдаланылған және 90 күннен астам мерзімі өткен
берешек болған жағдайда тыйым тұтынушылық несиені алуға қолданылмайды»,–
деді Берік Бейсенғалиев.
Микроқаржы омбудсмені институты енгізіледі
Сондай-ақ депутаттар Қазақстанда 2026 жылға дейін азаматтардың банктегі және шағын несиелік қарыздарын коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторий енгізілуі мүмкін екенін айтты. Банктер мен микроқаржы ұйымдары қазақстандықтардың несиелерінің мерзімі 90 күннен асатын болса, оларға кепілсіз тұтынушылық несие бере алмайды. Банк омбудсменіне тек банктік несиелер бойынша дауларды қарау өкілеттігі беріледі. Сонымен бірге микрокредиттер бойынша дауларды қарау құзыретін беретін микроқаржы омбудсмені институты енгізіледі.
«Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасыларды қорғауға қатысты қосымша нормалар да қарастырылды. Жылу беру маусымында оларды жалғыз тұрғын үйінен шығаруға жол бермеу ұсынылды», – деді депутат.
Әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызметті өткерудің барлық мерзіміне банктік қарыз немесе микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру процесі автоматтандырылды. PDL микрокредиттерін немесе жалақыға дейін деп берілетін шағын несиелерді реттеудің ерекше режимі алып тасталады.
Бұдан бөлек клиенттің биометрикалық сәйкестендіруінсіз банктік несиелер мен микрокредиттер беруге тыйым салуды ұсынды. Депутаттар микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің үлестес жеке сот орындаушыларымен және нотариустармен өзара әрекеттесуіне тыйым салуды заңға енгізу қажет деп есептейді.
Айта кетейік Қазақстанда 1,5 млн астам адамның несиесін уақтылы төлеуге шамасы жетпей жүр. ҚНРДА екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардың балансында 90 күннен кешіктірілген қанша проблемалық қарыз бар екенін анықтаған. Алдағы уақытта 3 ай бойы төленбей жүрген несиесі бар адамға жаңадан қарыз берілмеуі мүмкін.
ҚНРДА төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, 1,5 млн адамның мойнында банктер мен МҚҰ алдындағы төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген қарызы бар. Бірқатары коллекторларға өткен. Агенттік өкілі осы борышкерлердің қарыз жүктемесін азайту үшін әр банк, МҚҰ және коллекторлармен жеке жоспар жасалғанын айтады.
«Нақты борышкерлердің тізімі жасалды. Әр қаржы ұйымымен бірлесіп олардың қарыз жүктемесін қалай азайтатынын анықталды»,– деді ол.