Тоқаев Алматыда қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шарада Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады.
Президент биылдан бастап Наурыз мейрамы 10 күн бойы аталып өтіп жатқанына тоқталды. Наурызнамаға сәйкес, 21 наурыз — Ынтымақ күні.
«Бірлік пен ынтымақ — еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз қажет. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Мен бұған кәміл сенемін», — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіретінін атап өтіп, барлық азаматтың жүрегінен орын алатын іргелі құндылықтардың айқындалғанына назар аударды.
«Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл — Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық — әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет — бұл заң мен тәртіп үстемдігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Біздің үмітіміз — жастар. Қазақстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда. Белсенді, санасы сергек, ойы ұшқыр, адал, көзі ашық жастарға біз әрдайым қолдау көрсетеміз», — деді президент.
Ол құттықтау сөзінде егемендігіміздің алтын бесігі болған Алматыны еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы деп атады.
«Алматы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне зор ықпал етеді. Сондықтан мен Алматының дамуын, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін айрықша назарда ұстаймын. Әсем Алматымыз болашақта бұдан да көркейе беретініне сенемін», — деді Тоқаев.
Айта кетейік, 21-25 наурыз аралығында 2024 жылдың ең ұзақ мерекелік демалыстары басталды. Осы апта қазақстандықтар небәрі 3 күн жұмыс істеді.
21 наурыз– «Ынтымақ күні». Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Наурыз мерекесіне арналған «НАУРЫЗ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ» концерті өтеді. Сондай-ақ, қала тұрғындары «КӨШ. НАУРЫЗ-ДУМАН!» мерекелік бағдарламасын тамашалай алады. Бұған қоса, 21-22 наурыз 19:00-ден 22:00-ге дейін «Астана» алаңында мерекелік концерт өтеді. Сонымен қатар, Мемлекеттік орталық мұражайында «Наурыз нақыштары» Халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді.
21-23 наурыз аралағында күні бойы қала орталығында «Наурыз» мерекесіне арналған ойын-сауық-танымдық бағдарлама ұйымдастырылады. Дәл осындай шара «Алатау» дәстүрлі-өнер театрында да ұйымдастырылады.
22 наурыз – «Жыл басы». ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында «Ұлы дала тынысы» тақырыбындағы ұлттық бұйымдар көрмесі өтеді.
23 наурыз – «Тазару күні». Жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен бірлесіп коммуналдық қызметтердің күшімен су айдындарын тазалау және аула аумақтарын тазалау жүргізіледі.