Тараз қаласы Түркі мемлекеттерінің аграрлық астанасына айналады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Тараз қаласы Түркі мемлекеттерінің аграрлық астанасына айналады / primierministr.kz

2024 жылдың қыркүйегінен бастап Тараз қаласы Түркі мемлекеттері ұйымының аграрлық астанасына айналады. Мұндай шешім ТМҰ ауыл шаруашылығы министрлерінің үшінші отырысында қабылданды.

«ТМҰ ауыл шаруашылығы министрлері цифрлық агродеректер платформасын құруды жеделдетуге және осы мәселеге арналған бірқатар кездесулер ұйымдастыруға келісті. Тараз қаласын 2024 жылдың қыркүйегінен бастап бір жыл мерзімге ТМҰ аграрлық астанасы деп жариялау туралы шешім қабылданды», –делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.

ТМҰ өкілдері ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде құрылған бес кіші топтың «қызмет жоспарын» аяқтау және оны тезірек іске асыруға ниетті екендіктерін білдірді. 

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлері нақты уақыт режимінде ортақ деректер алмасу платформасын құру, нарықтық ақпаратпен бөлісу және деректерді талдау, сауданы толықтыру және ТМҰ аймағындағы ауыл шаруашылығындағы қосылған құн тізбегі туралы есептер қажеттіліктері мен мүмкіндіктері бойынша жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ тараптар ауыл шаруашылығы дақылдарының жергілікті және климатқа төзімді сорттарын сақтау және тарату үшін өңірлік тұқым банкін құру жөніндегі жұмысты жалғастырудың қажеттігін бірауыздан мақұлдады. 

Қатысушылар ауылшаруашылық инфрақұрылымын жақсарту үшін ішкі және шетелдік инвестицияларды тартуға келісті. 

Осыған дейін Түркі мемлекеттер ұйымына мүше Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері бірігіп «Түркі инвестициялық қорын» құратынын жазған едік.

Қор құру туралы келісімге 2023 жылғы 16 наурызда ТМҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының төтенше саммиті шеңберінде қол қойылған. 

Қор мынадай функцияларды орындайды: жобаларды, шағын және орта кәсіпорындардың жобаларын қаржыландыру, физикалық және цифрлық инфрақұрылым жасауды және оны жаңғыртуды қолдау, өнеркәсіп өндірісін, көлікті, ауыл шаруашылығын, туризмді және «жасыл экономиканы» қоса алғанда, өзара мүдделі салаларда даму жобаларын қолдау.

Сондай-ақ оқыңыз