Qarmet компаниясына қарасты Ленин атындағы шахтада оқыс жағдай болды
Qarmet компаниясына қарасты Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада желдету жүйелерін сынау кезінде штаттан тыс жағдай болды. Мұндай жұмыстар кен орнында 2017-ші жылдан бері жүргізілмеген. Шұғыл шара қабылданып, 70 кенші қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға туралы Qarmet баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиғаның мән-жайы:
2024 жылғы 22 наурызда көмір департаментіне қарасты Ленин атындағы шахтада көмірқышқыл газының жоғарлауы туралы ақпарат түсті. Автоматты датчиктермен желдету жүйелерін тексеру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанда, 54-ші пикет ауданындағы Д6 170 м горизонт орталық конвейерлік еңісте көмірқышқыл газының деңгейі жоғарылаған.
Өндеу жұмыстарына тартылған кеншілер бригадасы бірден эвакуацияланды. 70 кенші қауіпсіз жерге шығарылды. Кеншілер арасында зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында Qarmet басшылығы,Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі, ТЖД мамандары жұмыс жүргізуде.
2022 жылдың қарашасында Қарағанды облысындағы тап осы Ленин атындағы көмір кенішінде метан шығарындысы салдарынан 5 адам қаза тауып, 9-ы жараланған. Жарылыс кезінде шахтада 106 адам болған. Шахта ол кезде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қараған болатын.
Бұл шахталар 2023 жылдың күзіне дейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының меншігінде болған. Сол кезде бірнеше қайғылы оқиға болды. Соның ең үлкені 2023 жылы 28 қазан күні Костенко атындағы шахтада болған.
Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жоғары көтеріліп үлгерген. Бастапқы кезеңде тек төрт адам қайтыс болды деген хабар тарады. Алайда кейін үйінді астында қалған 46 адамның барлығы қайтыс болғаны белгілі болды.
Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болды. Қазір компания Qarmet тарихи атауын қайтып алған.
Өз кезегінде бас акционер ArcelorMittal өзінің ресми сайтында осы мәміленің болғаны туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сәйкес, мемлекет бақылауындағы жеке инвестициялық қор Qazaqstan Investment Corporation-мен арада келісім жасалған. Оған ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC компанияларының 100% акциясы берілген