Халықаралық валюта қоры Украинаға 800 млн долларға кредиттік транш бөлуді мақұлдады
Халықаралық валюта қоры Украинаға шамамен 800 млн долларға кезекті кредиттік транш бөлуді мақұлдады. Бұл туралы ХВҚ мәлімдемесінде айтылған.
Осыдан 2 жыл бұрын Ресей Украинаға басып кіргенде, ХВҚ мен Дүниежүзілік банк Украинаға үш миллиард доллар көлемінде қаражат бөлуге дайын екендерін мәлімдеді.
«ХВҚ-да біз Украинаның жедел қаржыландыру бағдарламасы арқылы шұғыл көмек көрсету туралы өтінішіне жауап беріп жатырмыз, оны біздің басқарма келесі аптада қарастыруы мүмкін», – деді Дүниежүзілік банк.
ХВҚ Киевке осымен төртінші рет кредиттік транш бөліп отыр.
Сонымен қатар Президент Джо Байден әкімшілігі Америка Құрама Штаттары Украинаға құны 300 млн доллар болатын жаңа әскери көмек пакетін жіберетінін хабарлады.
Бұл биылғы жылы көрсетілетін алғашқы ірі көмек болып отыр. Осыған дейін Вашингтонның Киевке көмегін Конгресстегі республикалық партия өкілдері бұғаттап келген.
Reuters ақпаратына сүйенсек, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан аталмыш қаржы Пентагонның келісімшарттары бойынша күтпеген шығындарды үнемдеуден қалғанын айтты. Бұл қаржы енді артиллериялық снарядтар мен жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйелеріне (HIMARS) арналған оқ-дәрілерге жұмсалуға тиіс.
«Бұл оқ-дәрі украиналық сарбаздардың мылтықтарына біраз уақыт күш береді. Бірақ қысқа мерзімге ғана қолдау көрсетеді. Қорғаныстың оқ-дәрісі қысқа мерзімде қайта азаюы мүмкін», – деді Саливан.
Пентагонның баспасөз хатшысы генерал-майор Пэт Райдер бұл пакетте зениттік зымырандар мен артиллериялық снарядтар барын айтты.