Әлемдік полимер өндірісінің ахуалы және Қазақстандағы жай-күйі
Өнеркәсіп пен құрылыс, медицина мен электроника, косметика мен тұрмыстық салада айырықша сұранысқа ие өнімнің бірі – полимер. Қазір бұл өнімнің өндірісін ұлғайтуға бірқатар ел құлшыныс таныта бастады. Өйткені онсыз кез келген істі бітіру қиынға соғады. Әсіресе, оның полиэтилен дейтін түрі кеңінен таралған. Argus зерттеуіне сүйенсек, 2032 жылға дейін полиэтиленнің өсім қуаттылығы жылына 5,8 млн тоннаны құрайды. Қазір жаһан бойынша өндірістің 43 пайызға жуығы Қытайға тиесілі болып отыр.
«2032 жылға таман зауыттардың орташа жүктемесі 85%-дан аспайды. Қытайдың өзін-өзі полиэтиленмен қамтамасыз етуі ұлғайып келе жатыр. Бірақ импорт та сақталады. Қытайда жоғарғы қысымдағы полиэтиленді шығару қуаттылығы баяу өсіп келе жатыр. Өйткені күн панелдері өндірісін дамытуға инвестиция салу фонында ЭВА-мен (этиленвинилацетат, композициялық полимерлік материал) бәсекелестік күшейді. Инфрақұрылымның айтарлықтай дамуы және халық санының үлкен қарқынмен өсуіне орай Үндістандағы сұраныс артты»,– дейді сарапшылар.
Әлемде полипропилен шығару бойынша Қытай алда келеді
Argus бағалауы бойынша, төменгі тығыздықтағы полиэтилен импорты 2032 жылға қарай 2018 жылмен салыстырғанда шамамен 2 есе, 2,4 миллион тоннаға дейін, ал төменгі қысымдағы полимерлер 4-5 есе, 3,8 миллион тоннаға дейін өседі.
Қытайда карантин толық алынып тасталғаннан кейін, 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы сұраныстың өсуі қысқамерзімді сипатта болды. Көптеген елдегі экономикалық дамудың баяулап қалуы және жоғарғы деңгейдегі инфляция сұраныс пен қуаттылық жүктемесін тежеп тұр.
Әлемде сондай-ақ полипропилен шығару бойынша қуаттылық жоғары қарқынмен артып келе жатыр. Мамандардың болжауынша, алдағы 10 жылда 95 жаңа зауыт іске қосылмақ. Бұл орайда да өндірістің басым бөлігі – Қытайдың үлесінде. Сұранысқа дем беріп отырған да Қытай және Солтүстік-Шығыс Азия елдері. Ішкі өңдеу өсімінің артуы Үндістанда да тұтынушылықты арттырып жіберген.
Полипропилен нарығындағы қиындықтар қандай?
QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының мәлімдеуінше, полипропилен нарығындағы басты және әркез «салтанат құрып» келе жатқан проблема – шикі мұнай және табиғи газ бағасының құбылуы. Себебі осы нарықтағы өндіруші компаниялардың табысына әсер ететін операциялық шығындар көбейіп келе жатыр.
«Қаптау және автомобиль өнеркәсібінің өсіп келе жатқан сұранысы нарықтың өсуінің негізгі факторы болып саналады. Азия-Тынық мұхиты аймағы нарықтағы ең жоғары үлесті алады деп күтіліп отыр. Полипропилен нарығындағы негізгі ойыншылардың қатарында Lyondellbasell, Sinopec, Sabic, Exxon Mobil, Braskem, PetroChina, Reliance Industries, FormosaPlastics,Borealis және AsahiKaseiPlastics компаниялары бар. Жеңіл және тиімді пластмассадан жасалған бұйымдарға сұраныстың артуы, сондай-ақ автомобиль, орау, қаптау, денсаулық сақтау және фармацевтиканың қарқынды өсуі – оларды енгізуге ықпал ететін факторлар. Денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібінің пластмасса өнімдеріне сұраныстың артуы тұтынушылардың COVID-19 індетінен кейін бір рет қолданылатын денсаулық сақтау өнімдеріне және оралған тамақ пен сусындарға деген қалауымен байланысты»,–дейді орталық сарапшылары.
Әлемде полимер профициті күтіледі. Полимер өндірісін кенересінен асырып отырған өңірлер қатарында АҚШ, Таяу Шығыс және Ресей бар. Өзге нарықтардың барлығы дерлік тапшылықта отыр.
«Ең бастысы – Азия-Тынық мұхит аймағы. Бұл ретте экспорттық жеткізілімдерді ұлғайтып келе жатқан ТМД компанияларын АҚШ пен Таяу Шығыс тарапынан қатаң бәсеке күтіп тұр. Өйткені құрама штаттарда өнім шикізаты арзан сланц газы мен мұнайынан жасалады. Ал Таяу Шығыста өндірушілер баға бойынша да, логистика бойынша да ерекше басымдыққа ие. Мұндай жағдайда аса ауқымды игерілмеген әлеуеті бар ТМД елдерінің ішкі нарығын кеңейту әлдеқайда тиімді болмақ. Полимер өнімдерін өндіру саласын дамытудың негізгі міндеті қазіргі заманғы полимер материалдарын кеңінен пайдалану үшін ынталандырулар жасау есебінен ТМД ішкі нарығын қалыптастыру және кеңейту болып саналады»,– деп мәлімдейді QazTrade.
Қазақстанда полимер өндірісі қандай деңгейде?
Сауда саясатын дамыту орталығы мамандарының айтуынша, елімізде полимер өндірісін өрістету үшін, ең бірінші кезекте өндірістің бұл түрін мұнай-химия кешені өндірісінен бөлек шығару керек. Мұндай шешім назарды ішкі проблемаларға аударып, салалық түйткілдердің шешімін дайындауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, полимерлерден алынған өнімнің өзіндік құнындағы шығындардың негізі шикізат пен электр энергиясы болып саналады. Осыған байланысты кооперациялық жобалар шеңберінде полимерлі өнім өндірушілер үшін энергия ресурстарының құнын субсидиялау мүмкіндігін қарастыру көзделіп отыр.
«Бұл өз кезегінде полимер өнімдерін тұтынушылар салаларының дамуына (ауыл шаруашылығы, құрылыс, автомобиль жасау және басқа салалар.) және дәстүрлі өнімді полимер өнеркәсібінің өнімдерімен алмастыруға әсер етеді, бұл жоғары қайта бөлу өндірісінің сенімді өсуіне және ішкі нарықта тұтынудың артуына жағдай жасауы керек. Үшіншіден, инновациялық инфрақұрылымды инвесторлар (өнеркәсіптік кластерлер, технопарктер, Арнайы экономикалық аймақтар, инновациялық аймақтар және басқалар) есебінен дайындау және енгізу ұсынылады. Инвестор есебінен дамыту технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге, инновациялық, бәсекеге қабілетті өнімдерді қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді. Инновациялық инфрақұрылымды дамыту – өнеркәсіп салаларын, оның ішінде полимер өнімдерін өндіруді қолдаудың ажырамас бөлігі»,– дейді.
Өндірістегі кадр мен құрылғы мәселесі
QazTrade жолдап отырған төртінші ұсыныс – аталған бағыт негізінде білімді дамыту және қолдау. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта полимерлерді пайдалану үрдісі үлкен даму әлеуеті бар инновациялық және жоғары технологиялық салаларда кеңінен көрініс таба бастады. Мұндай бағыттарды қолдау үшін жас мамандар мен ғалымдарды демеудің түрлі гранттары мен шараларын енгізу және пайдалану қажет, бұл осы салада әзірлемелерді жоғары деңгейде жүзеге асыруға жол ашады. Уақыт талаптарын ескере отырып, кешенді дайындық еңбек ресурстарының ұтқырлығын қамтамасыз етеді және кадрлар тапшылығын жабады.
«Бесіншіден, полимер өнімдерін өндірушілер санын арттыру мақсатында өндірушілер үшін өнеркәсіптік құрылғыларға қолжетімділікті арттыру қажет. Қазір ондай құрылғылар шетелде жасалады және оның құны (қазіргі төл валюта бағамына байланысты) полимерлік өнімдер өндірісін рентабельділіктен айырады. Сол себепті, аталған бағытта қажетті құрылғылар өндірісі бойынша кооперациялық байланысты нығайту аса маңызды»,– дейді сарапшылар.
Қазір елімізде өндірістің бұл саласы тәуір даму қарқынына ие. Соңғы бес жылда ішкі нарықтағы сұраныс екі есе өсіп, 240 мың тоннаны құрады. Оның 67 мың тоннасы – полипропилен нарығына, 173 мың тоннасы – полиэтилен нарығына тиесілі. Сарапшылардың бағалауынша, еліміздегі полимер нарығының жылдық орташа өсімі 4 пайызға жетіп отыр. 2030 жылға таман полипропилен мен полиэтиленге деген сұраныс екі есе өсіп, жылына 400 мың тоннаны құрайды деген болжам бар.
«Базалық полимерлерді өңдеу – дамып келе жатқан салалардың бірі. Тенденция жаһандық сипатқа ие. Бүкіл әлемде алдағы үш жылда өсім 25 млн тонна деңгейіне жетеді деп болжанады. Сәйкесінше, мұнай химиктер мен инженерлерге деген сұраныс та өседі»,– дейді КРІ ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов.
Импортқа тәуелділіктен арылу үшін не істеу керек?
Қазіргі уақытта елімізде полимер шығаратын 130-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың шығарған өнімі медицина, құрылыс, автомобиль құрастыру және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы салаларының қажетіне жарап жатыр.
Дегенмен Silleno кешені (Атырау облысында бірінші интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасының (полиэтилен өндірісі) екінші кезеңінің операторы) жылына 1,25 миллион тонна қуаттылыққа жетпейінше, полиэтилен нарығы импортқа тәуелді болып қала береді. 1,25 миллион тонна қуаттылыққа жету 2028 жылға дейін мүмкін болмайды. Бұл ретте Қазақстандағы дайын өнім импортының көлемі өңдеушілердің өсу қарқынынан асып түседі. Еліміздің мұнай-химия өнеркәсібінің алдында ішкі тұтынуды және полимерлерді өңдеуді дамыту міндеті тұр. Бұл меншікті шикізат базасының болуын ескере отырып, елдің полимер өнімдері бойынша импортқа тәуелділігін одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді. СИБУР атқарушы директоры Павел Ляховичтің айтуынша, Қазақстанда ауқымды полимерлік және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Олар өңірдің полипропилен мен полиэтиленді ішкі қайта өңдеуді дамыту қажеттілігін бірнеше есе арттырады.
Осындай ынтымақтастықтың бір мысалы Атырауда полимерлік өнім өндіру бойынша индустриялық аймақты құру болып отыр. Онда КРІ және Silleno өндірістеріне тікелей жақын жерде технопарк құру және соңғы полимерлік өнім өндіру бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту жоспарлануда.
Еске салайық, KPI интеграцияланған газ-химия кешені 2022 жылдың 8 қарашасында Атырау облысында іске қосылды. Ол жерде Теңіз кен орнынан алынған пропан өңделіп, жылына 500 мың тонна полипропилен шығарады. KPI америкалық Lummus Technology компаниясының Catofin және Novolen технологияларын пайдаланады. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 1000-нан астам тұрақты жұмыспен қамтылды.