Авторлық телеграм канал ашатын кезде энтузиазм ғана емес, дұрыстап ойластырылған жүйе болғаны жақсы. Себебі бастапқыда құлшыныспен жақсы жұмыс істеп келе жатып түрлі қателікке бой алдыруыңыз мүмкін. Ол үшін алдымен жолда кездесетін қиындықтар мен оларды еңсеру жолдарын біліп алғаныңыз абзал.
Арна ашарда нені білуіңіз керек?
- Таргет аудиторияны анықтап алмай, іс алға баспайды. Ең бірінші кезекте сіздің оқырманыңыз кім, қандай адамдар — соны біліп алыңыз. Өйткені осы аудиторияға сіз тауар не қызметіңізді сатасыз, жеке брендіңіздің солардың көз алдында қалыптастырасыз, контентіңізді өткізесіз. Тіпті ештеңе сатпайтын болсаңыз да, сіздің тақырыбыңызға қызығатындарды тауып алуыңыз керек. Әйтпесе фидбек ала алмайсыз. Ол болса, уақыт өте келе шаршатады.
- Мақсатыңыз қандай? Осыны да анықтау маңызды. Әрине, көз — қорқақ, қол — батыр деп бастап алып, сосын біртіндеп мақсатты айқындауға болады. Бірақ бәрін басынан реттеп алғанға не жетсін?! Құр уақыт өткізіп не керек?
- Өзіңізді басынан қалай таныстыраныңызды шешіп алыңыз. Жалпылама ғана сипаттама жарамайды. «Менің атым Айша, мен маркетологпын» дегендей позиция жеткіліксіз. Одан гөрі маркетиңнің ішіндегі нақты қандай бағыт, саланың маманысыз — соны көрсетіңіз.
- Телеграмда арна ашқысы келген адам ең алдымен, оны жүргізудің ньюанстарын біліп алсын. Бұл өте маңызды. «Басқа желілер секілді болатын шығар» деген білместіктің соңы көп қателікке әкеледі. Сондықтан басынан-ақ спецификасымен танысыңыз.
Қалай сәндеу керек?
- Атауын қойғанда оның арна бағытымен әдемі үйлесетіндей етіп ойластырған дұрыс. Әрине, қарабайыр атаумен де алысқа кетіп қалған канал аз емес. Десе де, маңызды фактор ретінде есте ұстауға кеңес береміз. Егер сіз миллиондаған аудиториясы бар инфлюенсер болмасаңыз, атыңызбен қоя салған идеяны жақсы деп айтуға келмейді.
- Канал сипаттамасында ақпарат жеткіліксіз не сіздің бағытыңызға онша келмейтін болса да — қате. Арнаға кірерде көзге алдымен түсетіні — сипаттама. Ол жерде басты тақырып пен не үшін сізді оқуы керек, қандай пайда әкелетіңіз жазылуы қажет.
- Сипаттамада болуы керек келесі ақпарат — байланыс. Ол жерде сізбен қалай хабарласуға болатыны жайлы мәлімет беріңіз.
- Аватарды дұрыс таңдаңыз. Арнаның бағытына үйлесуі керек.
- Атауын қойғанда ұзын-сонар сөздерді таңдамаңыз. Қысқа әрі нұсқа болғаны жақсырақ.
- Сипаттамаға қатысты да айтарымыз сол. Оны да барынша сығымдап, шағын қылып жазыңыз. Сөйте тұра арна жайлы мол ақпаратты ішіне сыйғызсын. Арнаның мақсатын осы сипаттамада көрсетуіңіз керек. Байқағаныңыздай, бәрі оп-оңай деуге келмейді. Жан-жақты ойластыру қажет.
Контент дайындағанда не нәрсеге мән беру керек?
- Не саларыңызды білмей, арна ашудың керегі жоқ. Контент-жоспарыңыз болсын.
- Контенттің барлық түрін қосып, ботқа қылмаңыз. Ең дұрысы — мәтінге баса мән беріңіз. Сосын аз-аздан фото не видео қосасыз. Оны да керек кезде қосқан дұрыс. Телеграмда мәтін жақсы оқылады. Ол сонысымен ерекше.
- Circles/дөңгелек/кружок салуға құмар болмаңыз. Мұндағы жұрт Instagram, TikTok-тағыдай басқаша. Каналдың белсенділігі азайып қалуы бек мүмкін. Аудитория лоял, өте белсенді блогер болсаңыз, әңгіме басқа.
- Аудионы жөнімен қолданыңыз, тіпті қолданбасаңыз да аса реніш болмайды. Бұл да алдыңғы «дөңгелектер» секілді. Авторға қатысты онша емес пікір қалыптастыратын құралдың бірі десек болады. Абзалы — мәтін.
- Құрғақ ақпарат, барлығына белгілі мәліметі бар пост сала бермеңіз. Авторлық канал болғандықтан, мұнда сізден ерекше дүние күтеді.
- Тек пайдалы нәрсемен толтырам деп те әуре болмаңыз. Тым ақыл айтып кеткенді де көбі ұнатпайды. Ортасын ұстаныңыз. Уақыт өте келе аудиториямен арада химия пайда болады. Сол кезде интуиция арқылы сезіп отырасыз.
- Әр постыңызда сауданы көздей бермеңіз. Иә, арна ашудағы мақсат қаражат табу болған шығар. Десе де, аудиторияға құрмет болуы керек.
- Арна жеке күнделігіңізге айналып кетпесін. Ойыңызға не келсе, соны лық еткізе беретін әдет жақсы емес. Себебі күнделікке жазылатын жеке ойларға басқаларға қызық бола бермейді. Мұнда сіз аудиторияға арнап жүргізіп жатырсыз. Сондықтан олармен санаспаса болмайды.
- Не айтқыңыз келетінін алыстан орағытпаңыз. Өйтсеңіз, жарты оқырман оқымай өтіп кетеді. Сондықтан бірінші сөз, бірінші сөйлем екіншісін оқуға шақыратындай болуы қажет.
- Тек ойын-сауық контентін сала бермеңіз.
- Канал авторы туралы ақпарат салынып тұруы керек. Күнде өз брендіңізді қалыптастырамын деп тыраштанбасаңыз да, арасында өзіңіз жайлы жазып қойыңыз. Бұл екі арада жақсы байланыс орнатады. Тірі адам жүргізіп жатқаны білінгені жөн.
- Алдыңғыға керағар ереже — автор жайлы тым көп айтылып кетпесін. Мұнда да ортасын ұстанған ұтады. Адам ретінде де, эксперт ретінде де мықты болуыңыз мүмкін. Дегенмен «мен, мен» деп барлық жерде өзіңізді тықпалай бермеңіз.
- Тұрақты контент-жоспар болсын. Әрі соған сүйеніп жүргізіңіз. Бір күн белсенді болып, бес күн жоқ болып кетпеңіз. Жоспар жағдайға қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Онда тұрған ештеңе жоқ.
- Тәжірибе жасап көруден қорықпаңыз. Аудитория не күтенінін, қандай форматты қалайтынын солай сынақ жасап қана біле аласыз.
- Кері байланыс алып отырғыңыз келсе, пікір жаза алатындай ашық қылып қойыңыз.Себебі адам әлдебір контентті көрген кезде соған қатысты эмоция, пікірін дереу жазғысы келеді. Ол мүмкіндік шектелсе, «ренжіп» қалуы мүмкін.
- Реакция жіберіп отыратын қылыңыз. Диктатура ешкімге ұнамайды. Постқа қатысты реакциясын білдіргісі келсе — ондай мүмкіндіктен айырмаңыз. Сол арқылы каналдың танымалдығы да арта түседі.
- Реакциялар тізімінде негатив эмодзи көп болып кетпесін. Бір ғана дизлайк жеткілікті. Әйтпесе, бәсекелестер боттар жалдап, «құсқан» эмодзиді молынан тастап кетуі мүмкін.
- Комментарий ашылған соң, аудиториямен сөйлесіп қойыңыз. Әйтпесе таргет аудитория сіз жайлы нашар ой қалыптастырып алады.
- Пікірде оқырманмен сөйлескен кезде эмоция қосыңыз. Әрине, ұрсып не тілдеп жатсаңыз, бұл — минус. Ал жағымды болған сайын сіздің брендіңізге әжептәуір пайдасын тигізеді.
- Боқтық сөзге құмар болмаңыз. Неге екенін түсіндіріп жатудың өзі артық.
- Таргет аудиторияны сөзге тартып отырыңыз. Әлдебір тақырыпты бастап, сол жөнінде талдауға болады.
- Триггерлерді пайдаланыңыз. Ақша, табыс, көреалмаушылық, хейт, қарым-қатынас, әділетсіздік секілді түрлі триггерді пайдаңызға жұмсай аласыз. Ондай посттарға міндетті түрде фидбек болады.
- Триггер керек екен деп, қауіпті түрлерін қолданып жүрмеңіз. Заң шеңберінде тыйым салынғанға жоламаңыз.
- Бір постты бекітіп қойыңыз. Ең сәтті, ең өтімді біреуін қойған дұрыс. Болмаса, каталог, сілтемелер, өзіңіз жайлы ақпаратты қойып қойсаңыз болады.
- Автор туралы ақпарат жазылсын. Не үшін сізді оқуы керек? Қалай пайдаңызды тигізесіз? Бәрін жазып қойыңыз.
- Сылдыр су контент сала бермеңіз. Аямай қырқып, ең керегін қалдырыңыз. Көп сөз — боқ сөз.
- Аккаунтыңызды басқа біреуге жүргізуге беріп қоймаңыз. Ол авторлық арна болғандықтан, контент түгел сіздің ойыңыздан, эмоцияңыздан тұруы керек. Әрине, копирайтер ойыңызды жақсырақ жеткізуге көмектесе алады. Дегенмен арнаны толықтай басқа адам жүргізіп кетпеуі керек.
- Контент салдыңыз ба, мақсатыңыз одан көп репост алу болсын. Сондықтан қандай постты жұрт белсенді бөліседі деп ойлайсыз — соны ойластырыңыз. Контент вирус секілді жабысып қалуы керек.
Контент салғанда жіберетін қателіктер
- Спамдата бермеңіз. Күніне қайта-қайта пост сала берсеңіз, аудитория каналыңыздан шығып кетеді не mute басып қояды. Бір пост салсаңыз да, жан-жақты ойластырылған болса, сөзсіз, ұтасыз.
- Жаңалық салатын арнаға айналдырмаңыз. Ақпарат дәуірінде сіз ол жылдамдыққа ілеса алмайсыз. Кейс қылып талқыласаңыз, әңгіме басқа.
- Ұзақ уақытқа жоқ боп кетпеңіз. Болмады дегенде аптасына бір төбе көрсетіп тұрыңыз.
- Пост салатын уақытты дұрыстап таңдаңыз. Түннің бір уағында не таң атпай адамдарға notification жіберіп, мазасын алуға болмайды. Дұрысы, өтімді уақытты таңдап, сол кезде жариялау.
- Өтпей қалған постты өшіретін әдетіңіз бар ма? Мұныңыз қате. Идеал болуға тырыспаңыз.
- Басқалардың контентін бетіңіз бүлк етпестен көшіруден аулақ болыңыз. Аудитория мұндайды сезіп қояды.
- Салатын ештеңе жоқ па — салмай-ақ қойыңыз. Бұл — қалыпты жағдай. Бірер күн тынығып, қалыпқа келіп алыңыз. Жолына сала салған жазбалар көрініп тұрады.
- Каналға жарнама алсаңыз, мұқият болыңыз. Тиісті заңды оқып шығыңыз. Оның қандай жауапкершілік артатынын түсінуіңіз керек.
- Арнаңыз белсенді болды екен деп топырлатып жарнама ала бермеңіз. Жұрт мұндайдан тез шаршайды да, каналдан шығып кетеді.
- Каналдың қауіпсіздігін ойлаңыз. Екі кезеңнен тұратын аутентификация қосылуы керек. Құпиясөзіңіз де бұзылмайтындай қиын болсын.
- Көрінген сілтемені басып, аша бермеңіз.
- Оқырман керек деп сатып алуға құмартпаңыз. Саны бар, сапасы жоқ аудитория бәрібір «өлік» болып тұрады. Кемінде алғашқы 100 оқырман сізге өзі қалап жазылған болуы керек. Ақшаны бұған құртудың қажеті шамалы.
- Контентіңіз болмаса, оқырман тартпаңыз. Оның қажеті қанша?
- Боттар арқылы оқырман көбейтпеңіз. Қазір көзі қарақты оқырман кімнің қалай алдап жатқанын бірден сезіп қояды.
- Пікіріңізбен келіспегенді бандай бермеңіз. Мұныңыз басқаларға ұнамай қалуы мүмкін.
- Байқау өткізу арқылы адам тартқанның да пайдасы шамалы. Әлдебір сыйлықты көздегендерге түптің түбінде ештеңе сата алмайсыз. Олар тегін бергеніңізді қалап тұрады.
- Оқырманды көбейтумен бас қатыра бермеңіз. Одан гөрі аз болса да саз болсын. Мысалы арнада белсенді 100 адам болса, ол шөгіп қалған 1000 оқырманнан артық.
- Басқа каналдар не салып жатыр? Оны да бақылап жүріңіз. Әлдебір тәсіл сізге үйлесетін болса, сынап көріңіз.
Аудиториямен тығыз байланыс болғаны жақсы. Дегенмен бүкіл уақытыңызды оқырманмен әңгімелесуге жұмсамаңыз. Басты мақсатыңыздан тайқымаңыз. Уақыт — ақша.