Жаңалықтар

Мықты маркетологқа керек машықтар

ноутбук, маркетолог, компьютер, маман
Мықты маркетологқа керек машықтар / Dentalmagazine.ru

Заманауи еңбек нарығында бесаспап маманнның бірі — маркетолог. Ол жарнаманы да реттейді, цифрларға да анализ жасайды. Бұл салада бәсекеге қабілетті болып қалғысы келген адам машығын үнемі дамытып отыруы керек. Олай дейтініміз — сұраныс жоғары. Олай болса маркетиң менеджердің түйіндемесі елден ерек болып тұруы үшін қандай скилз керегіне тоқталайық.

Маркетологтың бойында болуы керек hard skills

  • Таргет аудиторияны анықтап, сегменттерге бөлу — басты жұмысының бірі. Себебі кез келген маркетологтың мақсаты — таргет аудиторияны тауып, онымен тіл табысып кету. Олай болмаса, ұсыныстарын өткізе алмайды. Жан-жаққа шашыла берген жөн емес. Нақты клиенттің бейнесін жасап алып, сол бағытта жұмыс істеу қажет. Айталық компания B2B-мен айналысса, оны жалпыға бірдей жарнамалаудың керегі жоқ. Сізге қажет аудитория — бизнес иелері. Сондықтан мықты маркетолог өте сезгіш болғаны дұрыс. Ауқымды аудиторияны жаулап алып, өткізу жолдарын біледі. 
  • Маркетиңдік зерттеулер өткізуі керек. Оның ішінде анализ, әлеуметтік желілерге аудит, бәсекелестерді зерттеу, сұхбат өткізу, фокус-группа жинау секілді шаруалар атқарады. Сізге керегі — ақпарат. Сол себепті оны дұрыс жинай білу маңызды. Бизнесті интуицияға сүйеніп емес, фактілермен шегелеу қажет. Мұндайда маркетологтар көмекке келеді. Олар жинаған ақпарат саралап, көңілден шығатын нәтижеге қол жеткізеді.    
  • Сынақ жасайды. Бұл сала гипотезаға толы. Маркетиңде ешқашан нақты әрі 100 пайыз анық жауап болмайды. Мысалы бірдей іспен айналысатын екі бизнестің сауда арнасы екі түрлі болуы мүмкін. Бір сегментті аудиторияның екі адамының әрекеттері де бірдей болмайды. Тіпті таргетпе жіберген жарнама жексенбі өтпей, дүйсенбіде сұранысқа ие болып кетуі ғажап емес. Жақсы маркетолог сол үшін үнемі тест жасап, сынап көріп жүреді. Лендиңнің тақырыбын әр кезде әр түрлі қылып көреді. Соның нәтижесін бақылайды. Платформаның бір түріне қатып қалмай, бірнешеуіне тест жасайды. Мұндағы мақсат — сіздегі болжамды нақты саны жазылған есепке айналдыру. Әйтпесе, аты жоқ, жөні жоқ тест істей бергеннен нәтиже шықпайды. 
  • Воронкалар мен автоворонкалар жасайды. Клиенттің сіздің өнімді алғанға дейінгі жолын дөп табу үшін воронкалар дайындалады. Бұл құдды карта секілді. Әдетте ол үш кезеңнен тұрады: таныстық, қызығушылық, сауда. Бірақ кейде воронка созылып кетуі де мүмкін. Айталық жылжымайтын мүлік, автокөлік сататын салаларда шешімді дереу қабылдау оңай емес. Ондайда таныстық пен сатып алудың арасында айлар ғана емес, жылдар да өтіп кетуі мүмкін. Бастысы әр кезеңнің ережелерін жақсы білген абзал. Бірден бас салып, «алтын балықты» шошытып алмау керек. Әрі қызбаған кезде темірді соғатын болсаңыз, клиенттің қалтасынан ақша шығаруы екіталай. Біртіндеп жылытып, жылытып келіп барып қыздырады. Жақсы маркетолог қай кезде не істеу керегін біледі.  
  • Түрлі арнада жарнамалар дайындайды. Оны баптау — оңай шаруа емес. Мұнымен білікті маркетолог айналысса ғана жақсы нәтиже шығады. Қазір не көп — жарнама каналы көп. Мысалы Яндекс.Директ пен Google Ads-та контекстік жарнама жасалады. Одан бөлек, мессенжерлер, әлеуметтік желілер, блогерлер мен инфлюенсерлер, маркетпейлейстер, картадағы жарнама түрлері бар. Бүге-шүгесіне дейін білмесе де, білікті маркетолог жалпы жасалу жолын, басты қағидаларды білуі қажет.
  • Аналитикамен жұмыс істейді. Бұған дейін айтқанымыздай, маркетиңде сандар аса маңызды. Егер ол сан болмаса, ақшаңыз ауаға кетті дей беріңіз. Көрсеткіштерге қарай қадам жасасаңыз, мықты жер мен әлсіз тұсты біліп отырасыз. Одан қала берді мықты шешімдерді байқап, дер кезінде оның ауқымын кеңейтуге болады. Сол себепті жақсы маркетолог маңызды көрсеткіштер туралы бәрін біледі, есептей алады, сол деректерді өзіне керек мақсатта жұмсай алады. Аналитиканың базалық деңгейін үйренуге Яндекс Метрика мен Google Analytics қажет болады. Ал тереңірек білгісі келгендер RoistatCalltouchCoMagic сынды сервистер қарап көрсе болады.  
  • Мәтін, графикамен жұмыс істейді. Контенттің қандай форматы керек болса, соның барлығын білгені жөн. Компанияны дамыту үшін бірінші кезекте контент-маркетиң қажет. Сол мақсатта бизнес блогтар жүргізеді, арнайы жобалар жасайды, әлеуметтік желіде парақшалар ашып жүргізеді, видеокурстар түсіреді. Бұдан ұтпасаңыз, ұтылмайсыз. Өйткені адамдардың сеніміне кіру үшін контент жасау маңызды. Ең кем дегенде не білуі керегін айтайық: материал жазып, стористы әрлеп, баннер жасай алатын болса жақсы. Әрине командада әр саланың өз маманы болғаны дұрысырақ. Дегенмен егер редактор, дизайнер болмаса, осы шаруаны маркетолог өзі атқарады. 
  • Сайт конструкторлары мен CMS-пен жұмыс істейді. Бағдарламалаушы не уеб-дизайнер істейтінді маркетологқа жүктеп қоюға болмайды. Десе де, ең базасын білгені өзіне жақсы. Мысалы шаблонға қарап сайт бетін жасай алса, кодты өзгерте алса, блогқа мақала сала алса — керемет. Бұл біраз уақытты үнемдейді. Мысалы дизайнер сіз айтқанды басқаша істеп қойса, оны өзіңіз дереу жөндей қоясыз. Жөндегенін күтіп отырмай, жұмысты алға жылжыту — маркетологқа қажет қасиет. 
  • SEO не екенін білуі маңызды. Бұл құрал әлі де маңызды. Маркетиңдегі басқа тәсілдерге қарағанда таргет аудиторияны табуға көбірек көмектеседі. Егер компанияның сайты бар болса, соған клиент тартуға болады. Маркетолог семантика жасап, редиректілермен жұмыс істеп, мәтін, графиканы дайындап, оны оңтайландыра алуы керек.     

Маркетологқа керек soft skills

  • Жаңа нәрсені үйренуге деген құлшыныс керек. Себебі нарық бір орнында тұрмайды, өзгере береді. Соған байланысты жаңа трендтер шығады. Ондайда маркетолог дереу ситуацияны реттей алуы керек. Тіпті бір нишадан не компаниядан екіншісіне ойланбастан ауысып, жұмыс істеп кете беретін болса құба-құп. Мықты маркетолог болғысы келген адам өзгерістерге бейімделеді.
  • Командамен тіл табыса алу маңызды. Маркетолог өзімен-өзі саяқ жүре алмайды. Себебі ол үнемі командамен жұмыс істейді. Бизнес иелерімен тілдеседі, аналитик, дизайнер, редактор, бағдарламалаушылар сынды мамандармен сөйлеседі.
  • Презентацияны жақсы жасай алуы қажет. Адамды сендіре білетін қасиет те маңызды. Өйткені маркетиңнің басты мақсаты — адамдарды өз өнім не қызметіңізді алуға көндіру. Ол үшін тауар туралы қалай айту керек, қалай ретімен мақтауға болады, келіссөздер қалай жүргізіледі — осыны білу керек. Мысалы басшылықтан жарнамаға керек бюджет сұраған кезде де нақты сөйлеп, көрсете алса — бастық көнеді. Маркетолог міңгірлеп тұрмайды. Сол сияқты тапсырыс берушіге де жол көрсеткенде неге ол жолды ұсынып отырғанын жеткізе білуі қажет.
  • Аналитика жасай алатын қабілет сұралады. Гипотезаларды тексеріп, маркетиң стратегияларын құрып, заңдылықтарды анықтау үшін айналаны түгел зерттеу керек. Осындай зерттеу жасай алатын қабілетті дамыту үшін жаттығу қажет. Мысалы көшеде кетіп бара жатып көз алдыңызға күшті жарнама шыға келді делік. Ол сізге несімен ұнады? Қандай құрал қолданған? Оны өз жұмысыңызда пайдалан аласыз ба? Осылай ой үстінде жүресіз. Нашар жарнама жолықсаңыз, несімен нашар екенін ойлап, зерттеңіз.
  • Жағдайға бейімделуі оңай болсын. Жыл сайын құралдың жаңа түрлері шығып отырады. Ал ескілері өзекті болмай қалуы мүмкін. Болмаса, елде бір жағдай бола қалса, ондайда компания қай бағытта жылжығаны жөн екенін ойластырып, дұрыс шешім шығара білу керек. Мықты маркетолог өзгерістерден қорықпайды. Керісінше, жылдам бейімделіп, жақсы нәтижелер көрсетеді.  
  • Бір уақытта бірнеше шаруаны істей алуы керек. Себебі маркетологтар көбіне бірнеше жобаны қатар алып жүреді. Оның әрқайсысының жауапты командасы, дедлайны болады. Шағын ұйымда істейтіндер тіпті бесаспап болады. Бірде копирайтер бола салады, енді бірде дизайнер болады. Сондықтан бірнеше істі қатар атқару, тайм-менеджментті мықтап меңгеру керек.
  • Креатив қажет. Маркетиң — аналитика мен шығармашылықтың тоғысқан жері. Маркетологтар үнемі жаңа нәрсе ойластырып, идея айтып жүреді. Жарнама жасаудың оңай емесі белгілі. Клиентті қызықтыруға әрі кетсе 3 секунд уақыт бар. Сол уақытта ұстап үлгермесеңіз, айырылғаныңыз. Егер суреті сұрықсыз, мәтіні қарабайыр болса, онда одан қандай жақсы нәтиже күтуге болады? Конверсияны көтеру үшін оригинал идеялар шығару керек.  
  • Эмпат болғаны жақсы. Себебі маркетиңнің түбінде адамдармен тілдесу, олардың жанды жерін түсінетін түйсік жатыр.

Машықты қалай дамытуға болады?

Курстар оқуға болады. Қазір не көп — курс көп. Өзіңізге керек машықты дамытатын жер тауып алыңыз. Ол SMM, видеомаркетиң, уеб-аналитика сияқты неше түрлі сала болуы мүмкін.

Конференцияларға барып қатысыңыз. Қазақстанда маркетиңге қатысты іс-шара аз емес. Құлақ түріп жүрсеңіз болғаны. Кейбірі тегін, кейбірі ақылы. Оны шамаңызға қарай өзіңіз шешесіз. Офлайн баруға мүмкіндік болмаса, онлайн қатыса аласыз.

Ментор тауып көріңіз. Ол адам жұмысыңыздағы сеньор әріптесіңіз бола ма, әлде басқасын табасыз ба — ерік өзіңізде. Жиі кездесіп, талқы жасап тұрыңыздар. Қай жерде шешімді дұрыс қабылдадыңыз, қай кезде мүлт кеттіңіз — бәрін талдап берсін. Сонда ғана өсесіз.

Агенттіктермен жұмыс істеуге болады. Себебі мұндай жерде жұмыс өте көп болады. Бір уақытта бірнеше жобаны алып жүруге тура келеді. Соның арқасында шыңдала түсесіз. Нишалар әртүрлі болса, тіпті жақсы. Бір жобада сіз жарнаманы баптауыңыз керек болса, енді бірінде фокус-группа жинайтын тапсырма алуыңыз мүмкін. Бұл жан-жақсы дамуыңызға әсер етеді.

Жеке жобалар жасап көріңіз. Белгілі бір машықты ұштағыңыз келсе, онда жоба ойластырып, сол арқылы табыс табуға талпыныңыз. Лендиң жасаңыз, трафик құйыңыз. Әлеуметтік желіде топта ашып, дамытыңыз. Таргет жіберіп, аудитория жинаңыз.

Басқалардың кейсін зерттеп жүріңіз. Бұл әр құралдың қандай жағдайда қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Өзіңіз барлығын бірдей байқап көре алмайсыз, әрине. Сол үшін басқалардың кейсін қарап, шешім шығаруға болады.