Жапония мөлшерлемені көтерді. Әлемдегі теріс ставкалар дәуірі осымен аяқталды ма?

Жарияланды
Жапонияның базалық мөлшелемені көтеруіне не себеп? Фото: shutterstock

Осы аптада Жапония орталық банкі сегіз жылдан кейін алғаш рет теріс пайыздық мөлшерлемені тоқтатып, шектен тыс ақша-несие саясатын жұмсартудан бас тартты.

Бұл өз кезегінде 2010 жылдары басталған теріс пайыздық ставкалардың жаһандық дәуірінің аяқталғанын айғақтайтын секілді. Өйткені сол жылдары теріс пайыздық ставка енгізген бірқатар еуропалық елдер COVID-19 пандемиясы және Украинадағы соғыстан кейін оң аймаққа көшіп алған болатын. Дания, Швеция және Швейцария елдері 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін экономикалық өсімді ынталандыру үшін ставканы нөлден төмендетіп тастаған еді. Швеция 2019 жылы теріс ставкалардың күшін жойса, Дания мен Швейцария бұл қадамға 2022 жылы барды.

Ал Жапония банкі сегіз жыл бойы ақша-несие саясаты бағытында эксперимент жасады және бұл бағаның құлдырауы мен өзгеріссіз қалуы бойынша сипатталатын тоқырауды реттеуге бағытталды. Сейсенбі күні Жапония Банкі бұл шаралар өз міндетін атқарды деп мәлімдеп, қысқа мерзімді ставка бойынша негізгі мақсатын 0 пайыздан 0,1 пайызға көтерді. Сөйтіп, күншығыс елінде ставка 2007 жылдан бері алғаш рет жоғары көтерілді.

Жапония Банкі 16 жыл бойы ставканы нөлден де төмен түсіріп, тым жұмсақ ақша-несие саясатын жүргізді. Сол арқылы қарыз алу мен несиелеуге серпін беру және елдің тоқырау экономикасын ынталандыруды мақсат етті. Бәлкім, осы саясаттың жемісі болар, соңғы уақытта жапон экономикасы үлкен өсім көрсетті. Ұзақ жылдар бойы төмен деңгейде қалған инфляция жеделдеді. Банк өз мәлімдемесінде «экономика жалақы мен баға арасындағы «қолайлы циклда» тұр, ал бұл жалақының қымбаттап бара жатқан бағаны жаба алатындай деңгейде өсіп жатқанын, алайда бизнес табысын қысқартатындай деңгейде емес екенін білдіреді» дейді. Қаңтар айында елдегі инфляцияның негізгі көрсеткіші 2,2 пайызды құраған.

Теріс ставка дегеніміз – орталық банктер қолданатын ақша-несие саясатының бір түрі. Мұндай мөлшерлеме жағдайында салымшылар (адамдар мен компаниялар) банктегі депозиті үшін сыйақы алмайды, керісінше сыйақыны сақтағаны үшін банкке ақша төлейді. Ал несие алған кезде клиент банкке емес, банк клиентке кредит бойынша қосымша төлем жасайды.

Теріс пайыздық мөлшерлемені қаржы институттары 1970-ші жылдардан бастап қолдана бастады. Теріс мөлшерлемені белгілеудегі реттеушінің негізгі мақсаты – қаржылық дағдарыстың салдарын азайту. Жалпы, ақша-несие саясаты шеңберіндегі теріс пайыздық мөлшерлеме бағытын орталық банктер төтенше экономикалық жағдайларда – 2008 және 2020 жылдардағы қаржылық дағдарыстар аясында кеңінен қолдануға көшті.

Соңғы он жылдан астам уақыт ішінде орталық банктер қабылдаған көптеген ерекше шаралардың ішінде теріс ставкалар қарама-қайшы пікірді молынан туғызды, өйткені оның пайдасы мен ықтимал тәуекелі белгісіз еді. Bloomberg-тің жазуынша, дегенмен теріс ставкалар аздап көмектескен сияқты. Жапония жағдайында кідірістен кейінгі теріс ставкалар иенаның құлдырауына және импорт бағасының өсуіне ықпал етті, бұл инфляцияның қайта басталуына әсерін тигізді. Кейбір жағымсыз салдарға қарамастан, банк жүйесі шайқала қойған жоқ.

Сондықтан орталық банктер қазір теріс мөлшерлемелерден бас тартып жатқанымен, оларды қайталануы мүмкін төтенше жағдайлар кезінде пайдалану үшін өз арсеналында сақтайды. Бір кездері теріс ставка тек теориялық тұрғыда ғана бар болса, кейін нақтылыққа айнала бастады. Әсіресе, 2008 жылдардағы дағдарыстан кейін бірқатар орталық банк теріс ставка туралы ойлана бастады, ал бірқатары оны іс жүзінде қолданып көруге бел байлады. Теріс ставканы 2012 жылы Дания орталық банкі коммерциялық банктердің депозиті бойынша енгізді. Одан кейін 2014 жылы Еуропалық орталық банк және 2016 жылы Жапония Банкі, сондай-ақ Швеция мен Швейцария енгізді.

Халықаралық валюта қорының мәлімдеуінше, теріс мөлшерлеме саясаты «пайыз мөлшерлемесінің тұрақты төмендеуі сияқты арналар арқылы экономикалық белсенділікті және инфляцияны қолдайды». Бұл саясат барлық бағыт бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, кәсіпорындардың ақша алып, оны жұмсауын жеңілдетеді. Бұл жалпы сұранысты арттырып, инфляцияны өрістетеді.

Сарапшылардың айтуынша, Еуропа мен Жапония экономикасындағы теріс ставкадан кейін де инфляция мақсатты деңгейден төмендеп, әлсіз болып қалды.

2021 жылы Халықаралық валюта қоры теріс мөлшерлеме саясаты «экономикалық өсімді қолдаған сияқты» деген байламға келген. Кейбір орталық банк басшылары төменгі шектің жоқтығын көрсете отырып, теріс ставкалар экономиканы ынталандыруға деген шешімді көрсетуге көмектесті деп мәлімдеді. Жапониядағы теріс ставка бастапқыда жапон иенінің құлдырауына алып келген жоқ, өйткені басқа орталық банктерде де нөлдік немесе теріс мөлшерлемелер болды. Бірақ 2022 жылы Федералды резерв жүйесі мөлшерлемені көтере бастады және осыдан кейін көп өтпей бірқатар еуропалық орталық банктер (Еуропалық орталық банкін қоса алғанда) теріс мөлшерлеме саясатын тоқтатты.

Осы аймақтардың ставкалары мен Жапонияның теріс ставкалары арасындағы алшақтықтың артуы инвесторларды ақшаларын доллар мен еуроға аударуға итермеледі, ал иена үш онжылдықта ең төменгі деңгейге дейін төмендеді. Жапондық азық-түлік пен жанар-жағармай импорттаушылар тұтынушыларға жоғары шығындарды жіберді. Toyota сияқты экспорттаушылар шетелден тапқан доллардан көбірек иен алды, ал олардың жапондық өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болды. Осы жылы Жапониядағы көптеген компаниялар өз қызметкерлерінің жалақысын 5 пайыздан да жоғары деңгейге көтеру үшін қазынасына түскен ауқымды табыстарын пайдаланып жатыр. Импорт бағасының өсуіне әсер еткен инфляция деңгейі 2 пайыздан асты. Бұл Жапония банкі үшін теріс пайыздық мөлшерлеме саясатын доғару үшін жеткілікті деңгейдегі ақталу болды дейді сарапшылар.

Олардың болжауынша, мұндай теріс мәндегі саясатты жүргізуге Еуропаның және Жапонияның енді қайтіп орала қоюы екіталай. Ірі экономикалар ішінде тек Қытайда жылжымайтын мүлік көпіршігінің жарылуы және сұраныстың созылмалы тапшылығы сияқты ғасырлық тоқыраудың ықтимал белгілері байқалады.

Жапония экономикасы әлемдегі қуатты экономикалардың көш басында тұр. Жалпы ішкі өнімінің көлемі 4,9 трлн доллар шамасында. Технологиялық тұрғыда алға озғанымен, энергия тасымалдаушыларға деген тәуелділігі жапон экономикасын аздап осал етеді. Сарапшылардың айтуынша, бір жағынан, мөлшерлеменің көтерілуінің жаһандық циклі және қарыз алу құнының өсуі айтарлықтай қарыз жүктемелері бар өсу компанияларына әсер етеді. Екінші жағынан, халықаралық энергетикалық дағдарыс ұлттық корпорациялардың шығындарын арттырады, Азияның жетекші экономикасындағы өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Жаһандық инфляциялық үрдіс бұл елді де айналып өткен жоқ. Бағалар деңгейінің жалпы өсімі көп жылдық максимумға жетті. Дегенмен Жапония банкінің әдеттегі ақшалай схемаларды пайдаланып, фискалдық шығындарды қысқарту және қаржыландыру құнын арттыру арқылы бағаның өсуіне қарсы тұруға ниеті байқалмайды.

Былтырдан бергі теріс ставка алдына қойылған басты міндеттердің бірі де бірегейі – иенаның нығаюын тежеу болатын. Белгілі бір деңгейде бұл міндет орындалды деуге болады, ұлттық валюта кәдімгідей әлсіреді. Мұндай нәтижеге жетуге Украинадағы соғыс пен коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған факторлар айтарлықтай «үлес қосты». Сөйтіп, инфляция 2 пайыздан жоғары өсті.

АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің өсуі иенаның рекордтық деңгейге дейін төмендеуіне себеп болды. Бұл импорттың қымбаттауына әкеліп соқтырды және үй шаруашылықтары мен шағын бизнеске қысым жасады. Алайда елдің жалпы корпоративтік табысы тарихи максимумға дейін өсім көрсетті. Соған қарамастан мамандар жапон экономикасының қазіргі жағдайын тұрақсыз деп бағалайды. 2024 жылы ақпан айының ортасында ел билігі техникалық рецессияны мойындады. Жапония статистика қызметінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысында елдің жалпы ішкі өнімі 0,1 пайызға (үшінші тоқсанмен салыстырғанда) төмендеген. Сөйтіп, төмендеу осымен екінші тоқсан қатарынан байқалып отыр.

Жалпы, теріс ставка пайдалы болды ма, әлде жоқ па деген сауалға біржақты жауап беру бәрібір қиынға соғады. Мысалы, Еуропалық орталық банк теріс мөлшерлеме банк несиелеуін қолдау көрсетіп, қаржы жүйесіне саяси импульс беруді жақсартады, экономиканы ынталандырып, инфляцияны арттырады деген уәжді алға тартады. Ал Швейцария Орталық банкінің басшысы Томас Джордан «болашақта қажет болса мұндай саясатқа (теріс ставка) оралар едік, өйткені ол өзінің құндылығын дәлелдеді» деп жауап береді.

Жаһандағы пайыздық ставкаларға әсер ете алар әлеуетке ие Федералды резерв жүйесі ешқашан мұндай ақша-несие саясатын пайдаланып көрген жоқ. Дегенмен теріс ставканың экономикаға қалай әсер етерін зерттеп көрген. Олардың пікірінше, бұл тәсіл ұзақ мерзімді перспективада қолданылса, кері әсер етуі мүмкін. Біреулер теріс ставка саясаты қаржы дағдарысынан кейінгі нашар сценарийден қашып құтылуға көмегін тигізді десе, енді біреулер пайда өте аз болды, банк секторы мен жинақтаушылар үшін тіпті оңды болған жоқ деген дәлел айтады. Қалай болғанда да теріс ставканың қалай жұмыс істеуі сол елдің экономикасының жәй-күйіне тікелей байланысты сияқты. Сондықтан да оның әсері мен нәтижесі әр елде әр алуан қалыптасады.

Жапония банкінің ұстанған бағытына қарасақ, әрі қарай да жұмсақ монетарлық саясат жалғаса беретін секілді. Елдің қаржы саласының өкілдері коронавирус факторынан туындайтын әсер ету ахуалы біртіндеп әлсірейді, сөйтіп ірі қаладағы локдаундар аяқталады деп үміттенеді. Сондай-ақ Орталық банк логистикалық тізбектердің бұзылуына байланысты өнеркәсіпке қысым жасайтын фактор ретінде Еуропадағы ұзаққа созылған геосаяси дағдарысты атап өтті. Энергетикалық дағдарыстың ұзақтығын болжау қиын. Сол себепті, жапондық өндіріс құнының өсуі және тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі жалғаса беруі әбден мүмкін.

Орталық банктің мұндай инерттілігіне нарық табиғи түрде жауап береді. Жапония Банкінің теріс ставкасы АҚШ ФРЖ-дан қорландыру құнының өсуімен бірге иенаның тарихи девальвациясына әкеледі. Ақша-несие саясатының жұмсақтығы – ұлттық валюта әлсіздігінің кепілі. Ал екі ел арасындағы ұзақ мерзімді мемлекеттік бонд кірістілігінің айырмашылығы 4 пайызға жетті. Тиісінше, бұл жағдай Жапония үшін тиімді емес.

Ел үкіметінің нақты дерегі бойынша, Жапония экономикасы өткен жылы төртінші тоқсанда 0,1 пайызға өсті (алдыңғы үш аймен салыстырғанда).

Сондай-ақ оқыңыз