Испания соты Telegram мессенджерін бұғаттау туралы шешімін өзгертті

Жарияланды
Испания соты
Испания соты 22 наурыз күні Telegram мессенджерін уақытша бұғаттау туралы шешім шығарған / Фото: kursiv.media

Испания соты Telegram мессенджерінің жұмысын уақытша бұғаттау туралы шешімінің күшін жойды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, судья Сантьяго Педрас Telegram платформасын уақытша бұғаттау туралы бұйрықтың күшін жою туралы шешім шығарған. Ол мессенджерді бұғаттау шарасын «орынсыз әрі пропорционалды емес» санайды.

22 наурызда Педрас платформа жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім шығарған. Оған елдің Mediaset, Atresmedia және Movistar Plus медиа компаниялары Теlegram платформасын авторлық құқықпен қорғалған аудиовизуалды мазмұнды рұқсатсыз пайдаланды деп айыптауы себеп болған. Осылай сот платформаның елде жұмыс істеуін уақытша шектеу туралы шешім шығарған. Сонымен бірге елдің полиция және барлау қызметінен Telegram қосымшасын уақытша тоқтату салдары жайлы ақапарат беруін сұратқан.

Telegram-ды бұғаттау мәселесі Украинада да көтеріліп жүр. Украинаның қорғаныс министрлігі Тelegram ел қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп мәлімдеген. Қосымша жұмысын бақылауда ұстау мақсатында Жоғарғы Рада арнайы заң жобасын әзірлеген.

Заң жобасы телеграм-арналардың мазмұны мен сипаты сәйкес келмейтін болса, оларды сот шешімінсіз жоюға мүмкіндік береді. Яғни бұл заң негізінде құзыретті органға Украинадағы жеке пайдаланушылар мен басқа да телеграм арналарды бұғаттау мүмкіндігі беріледі.

Еске сала кетсек, өткен жылдың күзінде Қазақстан азаматтарының дербес деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін Telegram-боттың қызметі бұғатталды. Цифрлық даму министрлігі сол мақсатта Telegram әкімшілігімен жұмыс жүргізілгенін мәлімдеді. Министрліктің хабарлауына, мұндай Telegram-боттарды пайдалану олардың иелеріне ID, аты, тегі, лақап аты, «өзі туралы» бөлім және қосымшада орнатылған тіл сияқты жеке деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл аккаунтты бақылауды жоғалтуға немесе жазбаға қол жеткізу және пайдаланушы атынан хабарлама жіберу мүмкіндігі сияқты параллельді пайдалануға алып келуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз