Қазақстанда шағын несие беру тәрбітінде өзгеріс енгізілмек. Енді микронесиені электронды түрде алғысы келгендер биометриялық тексерістен өтуі тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы» қаулыға өзгеріс енгізбек.
«Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта микронесие берерде енді биометриялық сәйкестендіру жүргізілетіні жазылған.
«Клиентті жеке кабинетте тіркеу кезінде СДАО қызметін пайдалану арқылы биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі немесе микроқаржы қызметін ұсынатын ұйымның құрылғысы арқылы алынған биометриялық деректер пайдаланылады», – делінген қаулыда.
Клиентті жеке кабинетке тіркеген соң, қарыз алушы жеке кабинетіне қайтадан кіру үшін токен, смарт-карта немесе бір реттік құпиясөзді қолдана алады.
Клиенттің ұялы телефонының абоненттік нөміріне немесе банктік шотының деректемелеріне өзгерістер енгізу үшін де биометрия қажет. Сондай-ақ, МҚҰ мен клиент арасында микрокредит беру туралы шарт жасасу, құжатқа электрондық түрде өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін де биометрия өтуі тиіс.
Банктік шот немесе төлем картасының иесін анықтау мүмкін болмаса, клиентке ақша аударылмайды. Бұл ретте МҚҰ өз клиенттерінің жеке деректерін сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
«Биометриялық идентификаттау кезінде клиенттің қайталанбайтын бақылау қимыл-қозғалыстарын орындау тізбектілігін биометриялық идентификаттау барысында тексеру арқылы клиенттің биометриялық деректерін қолдан жасау үшін статикалық сурет немесе бейнежазбаны қолданудан қорғау қамтамасыз етіледі», -делінген қаулыда.
Бұл өзгеріс электрондық тәсілмен микрокредит беру қауіпсіздігі талаптарын күшейту мақсатында енгізілмек.
Микронесиені онлай беру ережесіне 2023 жылы да өзгеріс енгізілген еді. Ол кезде клиентті тіркеу/авторизациялау рәсімін жеңілдету мақсатында мобильді қосымшада микрокредит алу тәсілін, сондай-ақ микроқаржы ұйымы қабылдағаннан кейін клиенттің банктік IBAN шотының және төлем карточкасының деректемелерін көрсету міндеттелген. Содан кейін ғана микрокредит беру туралы оң шешім шығарылатын болады.
Еске сала кетсек, енді қазақстандықтар eGov.kz арқылы несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тарта алады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бұл шектеулер 6 айға белгіленеді және мерзімі өткеннен кейін автоматты түрде алынып тасталады. Тыйымды азамттар кез келген уақытта алып тастай алады. Ол үшін банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тарту қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінім беруі қажет. Бұл тетік арқылы азаматтар өздерін қаржылай сақтандыра алады.