Инфляция «жеп қояды»: Шағын бизнестегі орташа айлық жалақы алғаш 300 мың теңгеден асты

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
шағын
Жалақы өсімі инфляциядан аса алмай жатыр. Фото: kursiv.media

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, шағын бизнестегі орташа жалақы алғаш рет 300 мың теңгеден асты. Алайда жалақы өсімі инфляциядан артылмай жатыр.

Былтыр жыл соңында шағын кәсіпорындарда 1,6 млн адам қызмет еткен. Шағын кәсіпорындардың шығыс көлемі 15339,8 млрд теңгені құраған. Соның ішінде материалдық шығындар 29,3% құраса, еңбекақы төлеуге кеткен шығын 9,5% деңгейінде болған.

Статистикаға сәйкес, 2023 жылдың IV тоқсанында шағын кәсіпорын жұмысшыларының орташа айлық жалақысы 316 мың теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 13,7%-ға артық екені жазылған. Алдыңғы жылы IV тоқсанда шағын кәсіпорын қызметкерлерінің орташа жалақысы 278 мың теңге айналасында болған.

Алайда бұл кезеңде жалақымен қатар, баға да өсті. Қазіргі инфляция деңгейін ескерсек, жалақының нақты өсімі 3 пайыздың айналасында болып қалады. Дегенмен бұл – 2022 жылдың ІІІ тоқсанынан бергі елеулі өсім.

Бірінші несие бюросы мамандарының жазуынша, экономиканың өзге секторларын алсақ, басқа динамика байқалады. Мәселен, құрылыс пен сауда саласында жалақының нақты мәнде азайғаны байқалады. Ал ақпарат және коммуникация саласында бұл көрсеткіш секторлар арасында ең жоғары (562,2 мың теңге) болып, 19,8% нақты өсім тіркелген. Динамика тек балық шаруашылығында жақсы (+24,4%), бірақ бұл салада орташа жалақы ең төмен – 132,9 мың теңге.

Бұған дейін ҰСБ 2023 жылғы III-IV тоқсанды cалыстырып, айлық жалақының орташа мәні 12,3%-ға өскенін, ал нақты жалақы индексі 109,9%-ды құрағанын мәлімдеді. 2023 жылғы IV тоқсандағы жалақының медиандық мәні 259 463 теңге болған.

2024 жыл басынан елдегі ең төменгі еңбекақы 85 мың теңге болды.

Сондай-ақ оқыңыз