Бишімбаев ісі бойынша алқабилерді іріктеу жабық режимде өтеді
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша сот отырысына алқабилерді іріктеу жабық режимде өтеді.
Астана соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 наурызда Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша алқабилерді іріктеу жабық режимде өтеді. Отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі, 2 қосалқы) алқабилер алқасы қалыптастырылады. Іріктеу алқабилердің жеке басын жария етпеу үшін жабық сот отырысында өтеді.
Бишімбаев соты
11 наурызда өткен алғашқы сот отырысында Бишімбаев «айыпты мойындамаймын» деп айтқан болатын. Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі басталған. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, екеуі мейрамханадан екі рет шыққысы келген. Алайда бұл ойы сәтсіз аяқталған. Содан кейін мейрамхананың VIP залына барған. Екеуінің арасындағы жанжал әрі қарай жалғасқан.
Бишімбаев жанжал барысында өзінің ақшасына сатып алынған заттар туралы айтқан. Содан кейін Нүкенова ішкиім және әшекейден басқасын шешіп тастаған. Оның бұл әрекеті Бишімбаевтың ашуына тиген. Біраз уақыттан кейін Нүкенованы бірнеше рет ұрып-соққан. Соққы салдарынан Нүкенова еденге құлаған, Бишімбаев қылмыстық әрекетін әрі қарай жалғастырып, әйелді әрі қарай ұра бастаған. Содан кейін шашынан сүйреп, VIP залға қайта апарған.
Зал ішінде Нүкенованы қайта соққыға жыға бастаған, оның есін жоғалтқанына көзі жеткен кезде әрекетін тоқтатқан. Нүкенова алған жарақатынан сол кезде қайтыс болған.
Сот процесі барысында Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады.
«Айыптау актісі түсінікті. (Тағылған) айыпты мойындамаймын”,– деді Бишімбаев.»
Бишімбаев ісі
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.
Айта кетейік, Күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ, Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.
9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.
Осыған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімін «жазатайым оқиға» деп санайтынын жазған едік. Бұл туралы оның адвокаты Назкен Құсайынова Elmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Адвокат Салтанат Нүкенованың созылмалы субдуральды гематомамен бір ай бойы зардап шеккенін айтады. Ол туралы Бишімбаевтың өзі де, Нүкенованың өзі де білмеген болуы мүмкін екенін атап өтті.