АҚШ-тың Балтимор қаласында ұзындығы 2,5 шақырым болатын автомобиль көпірі опырылды
АҚШ-тың Балтимор қаласында (Мэриленд штаты) автомобиль көпіріне жүк кемесі соғылып, ұзындығы 2,57 шақырымды нысан суға батып кетті. Бұл туралы BBC басылымы хабарлады.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, көпір тірегіне соғылған Сингапур туы бар «Дали» кемесі өртеніп, суға батып кеткен. Құрылымның опырылуы салдарынан бірнеше көлік өзенге құлаған. Қаза тапқандар бар. Олардың нақты саны әзірге белгісіз.
Құтқарушылар оқиға орнында суда қалған адамдарды іздеп жатыр, деп хабарлады Балтимор өрт сөндіру бөлімінің қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Кевин Картрайт Associated Press агенттігіне жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 3:00-де.
«Бұл төтенше жағдай. Біздің мақсатымыз – адамдарды тауып, құтқаруға тырысу», – деді Картрайт.
Оның айтуынша, зардап шеккендердің саны туралы айтуға әлі ерте.
Апат жергілікті уақыт бойынша сағат 1:30 шамасында болған. Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.
Көпір 1977 жылы салынған. Ол АҚШ-тың ұлттық әнұраны «The Star-Spangled Banner» авторы Фрэнсис Скотт Кейдің есімімен аталған.